Тіс емі – 360 мың теңге: Павлодарда жарымжан балалардың мәселесі көтерілді
«Достық үйінің» мәжіліс залында «Мүгедек жастарды қолдаудың өзекті мәселелері: денсаулық сақтау» іс-шарасы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Кездесу облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының қолдауымен «Мүмкіндігі шектеулі жастарға және олардың ата-аналарына арналған ақпараттық-түсіндіру іс-шараларын ұйымдастыру» шеңберінде ұйымдастырылды. Жиынға мемлекеттік құрылымдардың, үкіметтік емес қоғамдық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жастар мен олардың ата-аналары немесе қамқоршылары қатысты.
– Бұл шара алғаш рет ұйымдастыруда. Мұндай басқосулар бірнеше мәрте өткізіледі, бірақ басқа бағыттар қамтылатын болады. Мәселен, біз бүгін денсаулық сақтау саласына қатысты мәселелерді қарастырамыз. Бұл салада да жарымжан балаларға қатысты туындайтын мәселелер баршылық, – дейді 14 пен 35 жас аралығындағы мүмкіндігі шектеулі жастарға арналған ақпараттық ресурстық кеңсенің үйлестірушісі Елена Лузянина.
Спикер тіс емі бойынша туындаған мәселелерге тоқталып өтті.
– Мәселен, Кенжекөл ауылының тұрғыны өзінің мүмкіндігі шектеулі баласын жеке тіс емханасына апарған кезде тіс емі қызметі үшін 360 мың теңге көлеміндегі қаражат сұраған. Әрине, бұл – бүгінгі қоғамдағы мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған жандар үшін өте өзекті мәселе. Міне, осындай және басқа да мәселелерді назарға алып, оның шешу жолдарын қарастыратын боламыз, – деді кеңсе үйлестірушісі.
Жиын барысында жиналғандар өздерін толғандырған сұрақтары мен ұсыныстарын ортаға салды.
Айта кетерлігі, алдағы уақытта мұндай жүздесулер басқа бағыттар бойынша ұйымдастырылады: 10 қарашада – «Мүгедек жастарды қолдаудың өзекті мәселелері: әлеуметтік қолдау», 14 қарашада – білім беру, 16 қарашада «Мүгедектік беру мәселелері» тақырыптарында отырыстар өткізілмек.