Павлодарда ХҚКО қызметкерлері зейнеткерлерді құттықтап, зейнетақы куәліктерін табыстады
Павлодар облысында 120 мыңнан астам зейнеткер тұрады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының ХҚКО-ларында Қарттар күніне арналған шара өтті.
Мерекеге орай мемлекеттік корпорацияның Павлодар облысы бойынша филиалы акция өткізді. Бұл күні ХҚКО қызметкерлері зейнеткерлерді құттықтап, зейнетақы куәліктерін табыстады.
– Күніне филиалдың фронт-офистеріне 40-қа жуық қызмет алушы зейнетақы тағайындау қызметі бойынша жүгінеді. Қарттар күні еліміз бойынша барлығы 800-ге жуық азамат куәлік алды. Ең көп зейнетақы куәліктері – Алматы қаласында және Түркістан облысында, ал ең аз мөлшері Ұлытау облысында берілді, – деді филиалдың баспасөз қызметінде.
Айта кетейік, бүгінгі таңда Қазақстанда 2,5 миллионға жуық зейнеткер бар, олардың 120 мыңнан астамы Павлодар облысында тұрады.
Аталған қызметті алушылар зейнетақы куәліктерін тапсыру сәтінде мемлекеттік қызмет көрсетудің жоғары деңгейде болғандығын, сондай-ақ ыңғайлы сервистер арқылы жүзеге асқандығын атап өтті.