Павлодар музейіндегі «Құпия код»: балалар ұлттық өнерді жаңа қырынан таныды

Павлодар музейіндегі «Құпия код»: балалар ұлттық өнерді жаңа қырынан таныды
Фото: Константин Шелков

Шеберлік сабағы әсерге толы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық Нағымбек Нұрмұхаммедов атындағы көркемсурет музейінде «Заң мен тәртіп» жобасы аясында «Құпия код» атты балаларға арналған танымдық әрі шығармашылық іс-шара ұйымдастырылды. 

Шара барысында балалар музей кеңістігінде шығармашылық шеберлік сабағынан тапсырмаларды орындады. Балалар ұлттық нақыштағы гипс мүсіншелерін түрлі түсті бояулармен әрледі. Олардың қатарында сәукеле, торсық, шаңырақ, киіз үй және қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі мен мәдениетін бейнелейтін өзге де бұйымдар болды. Әр бала өз қиялына ерік беріп, бұйымдарды ерекше безендірді.

Мұндай жұмыстар балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға, ұлттық құндылықтармен жақынырақ танысуына және халық қолөнерінің ерекшеліктерін тануына жағдай жасады. Шеберлік сабағының соңында қатысушылар өз қолдарымен жасаған туындыларын естелік ретінде алып кетті.

№5 жалпы орта білім беру мектебінің «Пальмалы жұмақ» 6-отрядының тәрбиешісі Татьяна Мостовичтің айтуынш, іс-шара балалар үшін пайдалы әрі қызықты өткенін айтты.

– Бүгін балалармен көркемсурет музейіне келдік. Олар гипстен жасалған киіз үй мен түйе сияқты бұйымдарды түрлі түстермен бояды. Балаларға бәрі өте ұнады. Тапсырмаларға белсенді қатысып, тәтті сыйлықтар алды. Жақсы көңіл-күймен қайттық. Алдағы уақытта да музейге қайта келеміз деп ойлаймын, – деді ол.

Ал іс-шараға қатысқан Ульяна Двинянина ерекше форматтағы ойыннан алған әсерімен бөлісті.

– Маған бүгінгі шара ұнады. Біз топпен гипстен жасалған бұйымдарды боядық. Бұл өте көңілді әрі қызықты өтті, – деді қатысушы.

Жиын балалардың бос уақытын мазмұнды өткізуге, шығармашылыққа баулуға және мәдени ортаға деген қызығушылығын арттыруға бағытталды.