Павлодар облысында жігіт шаңсорғыштың кесірінен бас бостандығынан айырылды

Павлодар облысында жігіт шаңсорғыштың кесірінен бас бостандығынан айырылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ол тұрмыстық техниканың ішіне гашиш пен марихуана жасырған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Polisia.kz ақпараттық-медиа порталдың мәліметінше, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі жедел уәкілдері Астанадан күдікті сәлемдеме келе жатқанын білген. Қораптағы шаңсорғыштың ішінде есірткі бар екендігі анықталды. Жедел уәкілдермен  24 жастағы ер адам ұсталды. Сотқа дейінгі тергеу электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалана отырып, аса ірі мөлшерде психотроптық заттарды сату мақсатында есірткіні заңсыз сақтау фактісі бойынша жүргізілді.

– Тергеу барысында жедел уәкілдер күдіктінің тұрғылықты жері бойынша тінту шараларын жүргізді. Ол жерден де есірткі заттар тәркіленді,– деді Екібастұз қаласы ПБ бастығының орынбасары Валентин Бримжанов.

Жігіт 2022 жылдың қазан айының ортасында Telegram қосымшасы арқылы интернет-дүкенге курьер болып жұмысқа орналасқан болатын. Ол Екібастұзда есірткіні өлшеп-орауды және таратуды жүзеге асырған. 

– Тәркіленген есірткі заты – гашиш пен марихуана. Оның жалпы салмағы – 2 келі 250 грамм болды,– деді Валентин Бримжанов.

Сот үкім шығарды. Енді ер жігіт келесі 10 жылын орташа қауіпсіздік ҚАЖ мекемесінде өткізеді.