Павлодарлықтарға мұзды өткелдегі жазатайым оқиғаны болдырмау үшін не білу керек?
Құтқарушылар мұзды өткелдерден өту ережелерін еске салды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының м.а. Қыдыржан Наскенов мәлім етті.
– Мұз өткелдерінің алдында тұрған барлық ақпараттық белгілердің талаптарын қатаң сақтау қажет. Мұзға баяу, итеру мен тежеусіз шығыңыз. Өткелде көлікпен тоқтауға, серпіліспен қозғалуға, бұрылуға, басқа көліктерді басып озуға тыйым салынады. Түнгі уақытта нашар көрінген кезде көлікпен шығуға кеңес берілмейді,– деді Қыдыржан Наскенов.
Оның сөзінше, мұздың жүк көтергіштігінен асатын көлік құралдарына өткелге шығуға болмайды. Мұзға шығатын көлік бес тоннадан аспау тиіс. Облыстық ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының офицері Темірлан Жапалбайдың сөзінше, соңғы бес жылда тек бір ғана жазатайым оқиға тіркелді.
– 2019 жылы Тереңкөл ауданында КамАЗ үлкен жүк көлігі мұзды өткелге шыға алмай, басқа жолды іздей бастағанда өзеннің төменгі жағына түсті. Шамадан тыс жүк артқандықтан, КамАЗ мұз астына кетіп қалды. Зардап шеккендер болған жоқ,– деді Темірлан Жапалбай.
Айта кетейік, бүгінде Железин, Аққулы, Павлодар, Май аудандарында сегіз мұз өткелі ашық. Тағы төртеуін Тереңкөл ауданында ашу жоспарлануда.