Павлодар облысында жүргізуші құқығынан айырылған азаматтар мас күйінде ұсталды

Павлодар облысында жүргізуші құқығынан айырылған азаматтар мас күйінде ұсталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Полиция облыс тұрғындарын жол ережелерін сақтауға және құқықбұзушылықтар туралы «102» нөміріне хабарлауға шақырады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, полиция қоғамда «Заң және тәртіп» қағидатын нығайту бойынша жұмысты жалғастырып, оның ішінде жол қозғалысы саласындағы құқықбұзушылықтарға нөлдік төзімділікті қалыптастыруда. Осы мақсатта өтіп жатқан «Қауіпсіз жол» жедел-алдын алу іс-шарасы барысында бірқатар заңбұзушылықтар анықталды.

– Мәселен, «Павлодар–Щербақты–РФ шекарасы» автожолында, Жетекші ауылының маңында полиция қызметкерлері ВАЗ-21063 маркалы автокөлікті тоқтатқан. Көлік жүргізушісінің өз-өзін ұстауы күдік тудырып, медициналық куәландыру оның алкогольдік масаң күйде болғанын анықтады. Ең маңыздысы, құжаттарды тексеру барысында ер адамның бұған дейін жеті жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылғаны белгілі болды, – делінген хабарламада.

Тағы бір жағдай Павлодар қаласында, М. Жүсіп көшесіндегі үйдің жанында орын алды.

– Сол жерде тоқтатылған Lada Granta автокөлігінің жүргізушісі де медициналық куәландыру бойынша мас күйінде көлік басқарғаны расталды. Құжаттарды тексеру кезінде оның да бұрын жеті жылға жүргізуші құқығынан айырылғаны, яғни 2029 жылдың сәуір айына дейін көлік жүргізуге тыйым салынғаны анықталды. Екі көлік те арнайы тұраққа қойылды. Аталған деректер бойынша тексеру жүргізілуде, – деді департаментте.

Айта кету керек, өңір аумағында «Қауіпсіз жол» жедел-алдын алу іс-шарасы 23 қарашаға дейін жалғасады.

Құқықбұзушылыққа куә болған жағдайда, азаматтарға «102» нөміріне хабарлау, «Заң және тәртіп» мобильді қосымшасын немесе Instagram-дағы @dp_pavlodar парақшасындағы direct-ті пайдалану қажет.