Павлодар облыстық қоғамдық кеңес мүшесі: өңіріміздің рөлі жаңа Қазақстанда артады
Оразбек Саяхат алдағы конституциялық өзгерістерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Оның айтуынша, арнайы квоталарды алып тастау туралы шешім орынды. Себебі Парламент – бұл әкімшілік жолмен тағайындалатын орган емес, саяси партиялар арасында ел тағдырына қатысты идеялар мен бастамалар ашық талқыланатын саяси алаң.
– Арнайы квоталардың алынып тасталуы депутаттардың өзара және партиялық жауапкершілігін арттырады. Алдағы Құрылтайда қоғам тарапынан және саяси партиялар арқылы сайланатын депутаттардың рөлі күшейеді. Бұл өз кезегінде заң шығару үдерісінің тиімділігін арттырып, оның мерзімін қысқартады, яғни заң қабылдау жылдамдайды, – деді ол.
Сондай-ақ Оразбек Саяхат Ұлттық құрылтайда еліміздің дамуы жолында Ертіс-Баян өңірінің, яғни Павлодар облысының рөлі ерекше атап өтілгенін жеткізді.
– Әсіресе энергетика саласында Павлодар облысы еліміздегі ең ірі стратегиялық алаңдардың біріне айналмақ. Сондықтан Жаңа Қазақстанды дамыту ісінде өңіріміздің үлесі айрықша болады деп сенемін, – деп қорытындылады спикер.
Еске сала кетейік, 2026 жылғы Ұлттық құрылтайдың сессиясында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев саяси жүйені жаңғырту бойынша конституциялық реформалардың жаңа кезеңін жариялады. Оның құрамында Парламентті бірпалаталы заң шығару органы – Құрылтай деп қайта құру, Халық кеңесін нығайту және вице‑президент лауазымын енгізу сияқты ұсыныстар бар.