Павлодар облысында былтыр 150 келі заңсыз балық ауланған
Өткен жылы уылдырық шашу кезеңінде заңсыз ауланған өнім тәркіленіп, құқық бұзушыларға 717 мың теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «Зайсан-Ертіс» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Нұржан Қазтай мәлім етті.
– Облыс аумағында «Таза су айдындары» табиғат қорғау акциясы 15 сәуір мен 31 мамыр аралығында өткізіледі. Балық шаруашылығы су айдындарында балық аулау құралдары табылған және қолданылған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тарту қарастырылған. Жыл басынан бері балық аулау бойынша 61 заңбұзушылық тіркелген. Оның төртеуі сот орындарына жолданған. Заң бұзушыларға 1 миллион 76 мың теңге айыппұл салынды, оның 1 миллион 7 мың теңгесі өндірілді, – дейді Нұржан Қазтай.
Инспекция басшысының айтуынша, осы мерзімде заң бұзушылық жасалған жағдайда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 383-бабына сәйкес жеке тұлғаларға – 10, шағын кәсіпшілерге – 30, орта кәсіпшілерге – 50 және ірі кәсіпшілерге 100 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған.
2022 жылы табиғатты қорғау акциясының қорытындысы бойынша жалпы облыс су айдындарынан екі шақырымнан астам иесіз аулар алынып, үш тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылған. Ол үшін 65-тен астам адам тартылған.
2023 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша жергілікті маңызы бар 58 балық шаруашылығы су айдыны 31 жануарлар дүниесінің пайдаланушысына бекітілген. Оның ішінде 30-ы тұщы су айдыны, 28-і тұзды су айдыны.
– 15 сәуірден 30 мамырды қоса алғандағы аралықта Ертіс бассейні бойынша балық ресурстарын және басқа да су жануарларын сақтау және молықтыру мақсатында өңірдегі дала, тұщы су айдындарында, Шығыс Қазақстан облысының әкімшілік шекарасынан Ресей Федерациясының мемлекеттік шекарасына дейінгі аралықтағы Ертіс өзенінде және оның жайылмалы су айдындарында, Қаныш Сәтбаев атындағы каналдың барлық ұзындығы бойынша су қоймаларында балық аулауға тыйым салынады, – дейді Нұржан Қазтай.
Инспекция қызметкерлері қала тұрғындарын өзен жағасын ластамауға, тазалықты сақтауға шақырады.
Мақсат Көлтайұлы