Павлодар облысы ет көп тұтынатын өңірлердің қатарында
2024 жылдың үшінші тоқсанында Қазақстанда ет пен ет өнімдерін орташа тұтыну жан басына шаққанда 20,5 келіні құрады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Energyprom.kz сарапшыларының мәліметінше, бұл – өткен жылмен салыстырғанда 2,9% -ға артық.
– Өңірлік бөліністе 2024 жылдың үшінші тоқсанында етті ең көп тұтыну Жамбыл облысының тұрғындарына тиесілі болды: жан басына шаққанда 23,6 келі — 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,6%-ға артық. Жоғары көрсеткіштер Ақмола және Жетісу (әр өңірде 23,5 кг), Атырау (22,9 кг), Павлодар және Қарағанды (әр өңірде бір адамға орта есеппен 22,8 кг) облыстарында да байқалды, – деп жазылған хабарламада.
Ресми мәліметтерге сәйкес, Шымкент тұрғындары етті аз тұтынған: бір тоқсанда жан басына шаққанда 15 кг, яғни бір жыл бұрынғыға қарағанда 5,1% -ға артық. Сондай-ақ Түркістан (16кг) және Қызылорда (бір адамға 16,2 кг) облыстарында да етті көп тұтына қоймайтын көрінеді.
Айта кетерлігі, қазақстандықтар арасында әсіресе сиыр етін тұтыну 4,9%-ға өсіп, жан басына шаққанда 6,4 кг-ға жетті. Одан кейінгі орында қой еті (1,5 кг), жылқы еті (1,4 кг), тауық еті (1,3 кг) еті тұр.