Павлодар облысында Жұмысшы мамандықтар жылы қорытындыланды
Салтанатты марапаттау рәсімі облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікованың қатысуымен өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жаңа жыл қарсаңында өңірлік колледждердің үздік оқытушылары жоғары кәсіби шеберлігі, таңдаған ісіне адалдығы және білікті жұмысшы кадрларын даярлауға қосқан елеулі үлесі үшін облыс әкімінің «Үздік шебер» және «Еңбек үздігі» сыйлықтарымен марапатталды.
Сыйақылар кәсіби жетістігі нақты нәтижелермен дәлелденген педагогтерге табысталды. Олардың қатарында табысты түлектер даярлаған, орныққан кәсіби дәстүрлері бар, білім беру сапасы жоғары және еңбекке жауапкершілікпен қарайтын ұстаздар бар. Бұл мамандар тек білім беріп қана қоймай, жұмысшы мамандығына деген құрметті қалыптастырып, өндірістік мәдениет пен кәсіби тәртіпті насихаттауда маңызды рөл атқарып келеді.

Іс-шара барысында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің дамуына сүбелі үлес қосып жүрген азаматтардың еңбегіне ерекше назар аударылды.
Облыстық білім беру басқармасы үшін бәсекеге қабілетті кадрларды даярлау – басым бағыт. Ал педагогтердің еңбегін бағалау өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесін мойындаудың айқын көрінісі болып отыр.