Павлодарлық жасөспірімдер Әбіш Кекілбаевтың шығармасын сахналады

Оқушылар «Бір шөкім бұлт» шығармасы бойынша қойылым қойды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалалық№2 мектепішілік «Ғажайып сахна» театрлық ұжымы Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Әбіш Кекілбаевтыңсоғыс тақырыбында жазылған «Бір шөкім бұлт» шығармасын сахналап, қазақ батыр қыздарының ерліктері мен қайтпас қайсарлықтарын көрсетті.
– Қойылымда Рауан Сағынтай, Әлішер Талғатбек, Махаббат Макетай, Айзере Тілеу, Ақниет Сейітжанқызы секілді талантты оқушыларымыз ойнады, – дейді мектептің оқу ісі меңгерушісі Гүлжан Жаменкенова.
«Бір шөкім бұлт» – Әбіш Кекілбаевтің 1965 жылы жарық көрген шығармасы. Аға-жеңгелерінің көз алдында өскен ұл оларға деген сағынышын, сүйіспеншілігін білдіре жазған бұл шығармасы есейген Әбіштің шын көңілін көрсетеді. Оқиға желісі бойынша сұм соғыс «Сыйлаған» сайқал дерт Аққаймақтың жан дүниесін жеп, сарқып тастайды.
Өмірдің еш қызығын көре алмаған, он екісінде бір гүлі ашылмаған талдырмаш арудың әкесі соғыста жан тапсырады, тағдырдың «Жесір» атауын иемденген анасы құсалықтың кесірінен өмірден бас кешеді, сүйіп қосылған ері майданда қаза табады.
Шығарма тұтастай бір кейіпкердің ащы тағдырына арналған. Бірақ повестің аясында бір ғана адамның өмірі ғана баяндалмайды, ауылдың тыныс-тіршілігі, өмірдің ащылығы, сұм соғыстың зобалаңы, әйелдің қайсарлығы, ананың жүрегі, мейірімділігі де көрініс табады.
– Аққаймақтың рөлін 7-сынып оқушысы Ақниет Сейітжанқызы сомдады, – дейді ол.
Бас кейпкер Аққаймақ тағдырдың жазғанына берілмей, өмірдентүңілмей, өмірдің суығына еңбекпен жауап береді. Аянбай тер төгіп, адал жар атанып, сәбилі болады. Сүйінішінен айрылған кезде, қолдау көрсеткен адамдардың арқасында ол – «Аққаймақ» атанады.