Болашақ мамандыққа бастар жол: Павлодар колледждері талапкерлерді қабылдайды

Болашақ мамандыққа бастар жол: Павлодар колледждері талапкерлерді қабылдайды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

25 маусым күні елімізде колледждерге құжат қабылдау науқаны басталады,  деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық білім беру басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Жаслан Сыздықовтың мәлімдеуінше, алдағы жаңа оқу жылында облыстағы 42 техникалық және кәсіптік білім беру мекемесінің барлығы студенттерді қабылдайтын болады. Атап айтқанда, өңірдегі 28 мемлекеттік және 14 жекеменшік колледжде қабылдау комиссиялары өз жұмысын бастайды. Мамандықтар тізімі оқу орындарының мүмкіндіктері мен материалдық базасына қарай бөлінеді.

— 2026-2027 оқу жылына облыс бойынша 6 300 бюджеттік орын жоспарланған. Атап өтерлігі, осы оқу жылында нарық сұранысына сай 3 жаңа мамандық ашылады деп күтілуде. Ол — «Қашықтықтан басқарылатын пилотталатын авиациялық жүйе» (07161100), «Нан пісіру, макарон және кондитерлік өндіріс» (07210300), «Ветеринария қолданбалы бакалавры» (08410100) сынды мамандықтар, – деді басқарма өкілі.

Бүгінгі таңда облыстағы кадрлық теңгерімсіздікті жою мақсатында мемлекеттік тапсырыс гуманитарлық сервистік бағыттан техникалық өндірістік салаға ауысқан. Қазіргі таңда жоғары сұранысқа ие мамандықтардың қатарында инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары көш бастап тұр. Жалпы, бюджеттік орындардың 52,94 пайызы осы бағыттарға тиесілі. Нарықта дәнекерлеушілер, токарьлар, электромонтерлер, техниктер мен ауыл шаруашылығы мамандары тапшы. Сонымен қатар, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, білім беру, медицина, ветеринария мамандықтарына да сұраныс жоғары. 

– Әрине, мамандықтарды бөлу кезінде еңбек нарығының сұранысы ескеріледі. Мемлекеттік тапсырыс «Атамекен» ҰКП-ның 2026–2028 жылдарға арналған талдауы мен өңірдегі ірі кәсіпорындардың тікелей өтінімдері негізінде жасалған болатын. Мәселен, облысымызға алдағы 5 жылда жалпы қажеттілік 35 494 адамды құраса, тек ағымдағы 2026 жылдың өзінде кәсіпорындар мен жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тарапынан 9 819 маманға нақты сұраныс түсіп отыр, – деді Жаслан Сыздықов.

Бөлім басшысы колледжге оқуға түскісі келетін талапкерлер үшін маңызды ақпаратты еске салды. Айтуынша, құжат қабылдау мерзімі 25 маусымнан 25 тамызға дейін жалғасады. 

— Талапкерлер құжаттарын келіп тапсыруларына немесе өңірлік білім беру порталдары арқылы онлайн берулеріне болады. Түлектер қабылдау туралы өтініш, аттестат немесе диплом, 3х4 см көлеміндегі 4 дана фотосурет, №075-У нысанындағы медициналық анықтама және флюорографиялық зерттеудің қорытындысын (суретімен бірге) тапсыру керек. Сондай-ақ, сәйкестендіру үшін міндетті түрде жеке басын куәландыратын құжат болуы тиіс, – деді ол.  

Айта кетелік, облыстағы колледж түлектерінің мамандық бойынша жұмысқа орналасу көрсеткіші жоғары деңгейде.  Өткен жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік тапсырыс аясында оқуын аяқтаған 5 356 түлектің 3 342-сі (62,4 пайыз) өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан.