Павлодар облысында жаңа жыл қарсаңында азық-түлік арзан бағамен сатылады

Павлодар облысында жаңа жыл қарсаңында азық-түлік арзан бағамен сатылады
Фото: жасанды интеллект

Қызанақ пен қияр бағасын ұстап тұру үшін облыстың жылыжай кешендерімен меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыс әкімі Асайын Байхановтың тапсырмасы бойынша 28-30 желтоқсан күндері қала мен аудан орталықтарында жаңа жылдық ауылшаруашылық жәрмеңкелері өтеді. 

– Мереке алдында желілік супермаркеттерде түрлі тауарларға орта есеппен 10-нан 50 пайызға дейін жеңілдіктер жоспарлануда, – деді Павлодар облысы әкімінің орынбасары Әйгерім Қабылтаева. 

Оның сөзінше, қызанақтың бір келісі – 700 теңге, ал қиярдың бір келісі 900 теңге болмақ. Өнімдер «Jailau» фермерлер нарығында және апта сайынғы ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінде 15%-дан аспайтын сауда үстемесімен сатылатын болады.

Сондай-ақ, жаңа жыл қарсаңында Павлодар қаласының тоғыз шағын ауданында да кеңейтілген ауыл шаруашылық жәрмеңкелері өтпек. Атап айтқанда, Достық шағын ауданында – Назарбаев даңғылы, 309,  Усолка шағын ауданында – Бекхожин көшесі, 15/1, Химқалашық шағын ауданында – Айманов көшесі, 42, Екінші Павлодар шағын ауданында – Мүткенов көшесі, 48/1, Зеленстрой шағын ауданында – Достық көшесі, 31/1, Сарыарқа шағын ауданында – Гагарин саябағы, Дачный шағын ауданында – Қамзин көшесі, 352, «Достық үйі» алаңы  – М.Жүсіп көшесі, 267.