Мектепті 40 жаста қалай бітіруге болады: павлодарлықтарға арналған нұсқаулық
@Pavlodarnews.kz тілшісі 18 жастан асқан, бірақ мектеп бітірмеген адам оқуын жалғастыру үшін бірінші кезекте қайда жүгіну керек екенін сұрастырып білді.
ҚР «Білім туралы» Заңында оқуды уақытында аяқтай алмаған адамдарға арналған кешкі оқыту нысаны көзделген. Негізгі білім туралы аттестатқа ие бола отырып және жалпы орта білім туралы аттестат алғысы келсе, кешкі мектепте оқуды жалғастыруға мүмкіндік бар.
Егер негізгі білім берудің 9 сыныбын уақтылы бітіре алмаса, онда бұл жағдайда оқыту экстернат түрінде өтеді. (Экстернат – мектепке, университетке күнделікті бармай-ақ орта немесе жоғары білім алу мүмкіндігі)
Бұл жағдайда Павлодар қаласы білім бөлімі мектеп секторының бас маманы Динара Батрқанова қажетті құжаттар тізімімен бөлісті:
- Өтініш;
- негізгі білімін аяқтау туралы аттестат;
- жеке куәлігінің көшірмесі;
- егер жұмыс істейтін болса жұмыс орнынан анықтама;
- медициналық анықтама (075 нысаны);
- фотосурет екі дана 3*4 көлемінде;
9 сынып базасында кешкі мектепке қабылдау үшін:
- қызметті алушының ЭЦҚ-сы қойылған электрондық сұрату нысанындағы өтініші;
- денсаулығына байланысты білім беру ұйымдарына бара алмайтын білім алушылар үшін – «Денсаулық сақтау саласындағы есепке алу құжаттамасының нысандарын бекіту туралы» ҚР Денсаулық сақтау министрі міндетін атқарушының 2020 жылғы 30 қазандағы №ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығымен бекітілген 026/е нысанында дәрігерлік-консультациялық комиссияның электронды қорытындысы;
- барлық білім алу кезеңі аралығында оқытылған пәндер бойынша «4» және «5» деген бағалар алған білім алушыларға - электронды үлгерім табелі;
- білім алушы ата-анасымен немесе оларды алмастыратын адамдармен бірге шетелге көшкенде көрсетілетін қызметті алушының ата-анасының немесе оларды алмастыратын адамдардың уақытша шетелде тұратындығы туралы электронды анықтамасы;
- білім алушы ата-анасының немесе оларды алмастыратын адамдардың жетегінсіз шетелге шығатын болса, көрсетілетін қызметті алушының шетелде оқитындығын растайтын электронды құжат қажет.
Құжаттар тамыз айының соңына дейін қабылданады.
Мектеп секторының бас маманы кешкі нысанда оқытуды жүзеге асыру үшін оқушылардың саны 50 адамнан аспауы керек екенін атап өтті. Осыған байланысты Павлодар қаласында бір ғана мектепке оқытудың осы нысаны бекітілген. Атап айтқанда, Малайсары батыр атындағы ЖОББ мектебінде кешкі оқыту жүзеге асырылады.