Павлодарда бірегей палеонтологиялық мұра тазартылды

Павлодарда бірегей палеонтологиялық мұра тазартылды
Фото: Мұрат Жаслан

Сенбілікке студенттер мен табиғат қорғаушылары қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірдегі республикалық маңызы бар «Қаздар өткелі» мемлекеттік табиғат ескерткішінде экологиялық сенбілік өтті. Нәтижесінде аумақтан 130 қап тұрмыстық қалдық жиналып, шығарылды.

Тазалық шарасы «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылды. Оған Павлодар облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының, Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің, «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының және Павлодар орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің өкілдері қатысты. Сондай-ақ Павлодар технологиялық колледжінің «Орман шаруашылығы» мамандығының студенттері де ортақ іске үлес қосты.

«Қаздар өткелі» – ғылыми және тарихи маңызы зор бірегей палеонтологиялық мұра. 1928 жылы палеонтолог Ю.А.Орловтың зерттеуі кезінде бұл жерден ежелгі жануарлардың мыңдаған сүйек қалдықтары табылған. Олардың қатарында үш тұяқты жылқы – гиппарион, керік, мүйізтұмсық, бұғы, гиена және қылыштісті жолбарыс тәрізді жыртқыштардың сүйектері бар.

Баянауыл ұлттық паркінің ғылыми қызметкері Мұрат Жасланның айтуынша, аумақтың ластануына келушілер мен демалушылардың тұрмыстық қалдықтарды белгіленген орындарға тастамауы себеп болып отыр. Бұған экологиялық мәдениеттің жеткіліксіздігі мен табиғатқа жауапкершілікпен қарамау да кері әсер етеді.

– Бірлескен күш-жігердің нәтижесінде бірегей табиғи нысанның аумағы тұрмыстық қалдықтардан тазартылды. Бұл құнды мұраны сақтау – болашақ ұрпақ алдындағы ортақ жауапкершілігіміз, – деді ол.

Алдағы уақытта нысанның санитарлық жағдайын жақсарту, жүйелі тазалық пен бақылау жұмыстарын жүргізу, ғылыми мониторинг ұйымдастыру және табиғи мұраны қорғау үшін мамандандырылған ұйымдарды тарту жоспарланып отыр. Сонымен қатар, оның туристік-экологиялық әлеуетін дамыту және күтіп-ұстау шараларын жетілдіру көзделген. Бұл міндеттер арнайы әзірленетін іс-шаралар жоспары аясында кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ.

Санитарлық жұмыстар қажеттілікке қарай ұйымдастырылады. Оған табиғатты қорғау қызметкерлері, жергілікті тұрғындар, еріктілер мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатыса алады. Атқарылған жұмыстың нәтижесі аумақты көзбен шолу, фото-бейнетіркеу және жауапты мамандардың бақылауы арқылы бағаланады.

Мамандар тұрғындар мен туристерді табиғат аясында тазалық сақтауға, тұрмыстық қалдықтарды арнайы орындарға тастауға немесе өзімен бірге алып кетуге шақырады. Сондай-ақ ежелгі жануарлардың сүйек қалдықтарын өз бетінше жинауға, бүлдіруге және алып кетуге болмайды.

Айта кетелік, республикалық маңызы бар «Қаздар қонысы» мемлекеттік табиғат ескерткіші 2018 жылғы 29 тамыздан бастап Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне бекітілген.