Павлодар облысында жылыту маусымына дайындық қызу
Өңірде 15 маусымға дейін жылу желілеріндегі апаттылықты азайту бойынша іс-шаралар жоспары әзірленеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Алдағы жылыту маусымына дайындық мәселесі облыс әкімі Асайын Байхановтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте талқыланды.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Иманзайыповтың айтуынша, жұмыстар жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр.
– Жалпы облыс бойынша 41 негізгі жабдықты жөндеу жоспарланған. Бүгінгі таңда алтауы жөнделді, тағы 16-сы жөндеу үстінде. Электрмен жабдықтау желілерінде 2393 шақырым желі мен 790 жабдықты жөндеу көзделген. Қазіргі уақытта 454 шақырым желі және 160 жабдық жөнделді, – деді Ержан Иманзайыпов.
Облыс әкімдігі мен ERG компаниялар тобы арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясында 526,5 миллион теңгеге РОК-3 қазандығын жөндеу қарастырылған. Бұл жоба Ақсу қаласы тұрғындарын сапалы әрі үздіксіз жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, «Павлодарэнерго» АҚ-ның 2-ЖЭО жөндеу көлемін арттыру бойынша уақытылы қабылданған шаралар негізгі жабдықтардың тозу деңгейін 78,5 пайыздан 69,6 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Нәтижесінде жылу көзі жоғары тәуекел аймағындағы «қызыл аймақтан» орта тәуекелді «сары аймаққа» ауыстырылды.
Жылу желілерінде қалалар әкімдіктері магистральдық және орамішілік жылу желілеріне гидравликалық сынақтар жүргізді. Нәтижесінде 592 ақау анықталып, оның 471-і жойылды, бұл 80 пайызды құрайды.
Павлодар қаласында 280 ақау анықталып, барлығы жойылды. 1324 көпқабатты тұрғын үйдің 1207-і немесе 91 пайызы ыстық сумен қамтылған. Екібастұзда 289 ақау анықталып, 168-і жойылды. Қалғандары жеке секторда орналасқан және ыстық су беру жұмысына әсер етпейді. 707 көпқабатты үйдің 629-ы немесе 89 пайызы ыстық сумен қамтылған. Қалған үйлер жылу желілерін қайта жаңғырту жұмыстарына байланысты әлі қосылған жоқ (№5, 10, 11 және 16 магистральдар).
Ақсу қаласында анықталған 23 ақаудың барлығы жойылды. 277 көпқабатты үйдің шамамен 90 пайызы ыстық сумен қамтылған. Кейбір учаскелерде жылу желілерін күрделі жөндеу және кәріз жүйесін тарту жұмыстары жалғасуда.
Ақауларды жоюға 46 апатты0 бригада мен 26 техника жұмылдырылған.
Ержан Иманзайыпов облыс әкімінің тапсырмасымен жүргізілген техникалық аудиттің қорытындылары туралы да айтты. Екібастұз ауылдық аймағына қарасты Шідерті кенті жылумен қамту жүйесіне жүргізілген аудит аяқталды. Жылу шығыны мен отын шығыны нормативтен жоғары екені анықталды. Сенімділікті арттыру үшін жабдықтарды жаңғырту, жөндеу және режимдік-реттеу жұмыстарын жүргізу қажет.
– Сондай-ақ қазандықтардың пайдалы әсер коэффициенті 28–50 пайыз аралығында екені анықталды, ал норматив 75 пайыздан жоғары болуы тиіс. Негізгі жылу жоғалту түтін газдары арқылы, жану режимінің дұрыс болмауынан болып отыр. Қазандықтарда қосымша өлшеу құралдары мен суға химиялық дайындау жүйелері жоқ, бұл үнемді режимде жұмыс істеуге мүмкіндік бермейді. Жылу желілерінің тозуы да жоғары деңгейде қалып отыр, – деді Ержан Иманзайыпов.
Оның айтуынша, әкімдіктер нысандарды жаңғырту бойынша басым бағыттарды анықтап жатыр.
Павлодар қаласында жылумен қамту жүйесіне жүргізілген техникалық аудит аяқталды. Қорытынды есептер талқылау сатысында.
Биыл өңірде 48,9 шақырым жылу желісін жөндеу жоспарланған. Павлодарда негізгі магистральдық желілер бойынша жұмыстар өткен жылы аяқталған, ең проблемалы учаскелер жаңартылған.
2026 жылы орамішілік жылу желілерін ауқымды қайта жаңғырту басталды, себебі ақаулардың негізгі бөлігі осы желілерде тіркеледі.
– Қазір қаланың орталық және оңтүстік бөліктерінде ірі жобалар іске асырылып жатыр. Нақтырақ айтқанда, Назарбаев, Ломов, Шөкин, Сәтбаев көшелері мен Усолка шағын ауданындағы желілер жаңартылады. Бұл Павлодардағы орамішілік желілерді жүйелі жаңартудың бастамасы. Жобаларды іске асыру апаттылықты азайтып, жылумен қамту параметрлерін тұрақтандырып, жүйенің сенімділігін арттырады. Екібастұзда №5, 10, 11 және 12 жылу магистральдарының ең проблемалы учаскелері анықталды. Жалпы ұзындығы 4,2 шақырым. Соңғы үш жылда бұл учаскелерде 90-нан астам ақау тіркеліп, тозу деңгейі 90 пайыздан асқан. Қазір бұл учаскелерде құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Ақсуда да екі проблемалы учаске бар, ол – Ленин және Астана көшелеріндегі магистральдар. Нысндардың тозуы да 90 пайыздан жоғары, – деді басқарма басшысы.
Облыс әкімі Асайын Байханов жауапты органдарға жылыту маусымына сапалы дайындалып, 1 қазанға дейін дайындық төлқұжаттарын алуды тапсырды.
– Әлеуметтік нысандарда жылыту маусымы 1 қыркүйектен басталады. Бұл, әрине, ауа райына байланысты, біз оны ескереміз. Дегенмен, көпжылдық тәжірибеге сүйенсек, жылу көбіне 1–2 қыркүйектен беріледі, ал қыркүйектің соңына қарай толық жылыту маусымына кіруіміз керек. Сонымен қатарғ бюджеттік ұйымдардың берешегін өтеу жұмыстарын жүргізу қажет, – деді Асайын Байханов.
Өңір басшысы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасына энергетикалық кәсіпорындардың жылыту маусымына дайындық барысын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.