Павлодар облысында Май ауданы таза ауызсумен қамту бойынша көш бастап тұр

Павлодар облысында Май ауданы таза ауызсумен қамту бойынша көш бастап тұр
Фото: Константин Шелков

Ауданда сумен жабдықтау бойынша жағдай тұрақты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыс әкімі Асайын Байханов Май ауданының тұрғындарымен тұрақты кездесуінде ауданның он айда атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Аймақ басшысына тұрғындардан 123 сауал түсті, оның ішінде 90 өтініш орындалып, өз шешімін тауып, қалғандары  бойынша жұмыс атқарылды. 

– Май ауданын ауызсумен қамтамасыз ету көрсеткіші бойынша бірінші қатарда екені белгілі. Халықтың 97,6 пайызы таза ауызсумен қамтамасыз етілген. Биыл бірнеше рет Май ауданына келіп, бірқатар нысанды араладым.  Жұмыс сапары барысында өзекті мәселелер бақылауға алынды. Жалпы аудан экономикасы қарқынды дамуда. Май ауданы мал шаруашылығы, ет өндірісі және асыл тұқымды мал санының көрсеткіші бойынша облыста үшінші орынға ие, – деді Асайын Байханов. 

Оның сөзінше, соңғы үш жылда егіс алқабы 13 мың гектардан 37 мың гектарға дейін кеңейтілді, ал суармалы жерлердің алқабы 1700 гектардан асты. «Ауыл – ел бесігі» ұлттық жобасы аясында Май ауданының алты ауылы кешенді жаңғыртудан өтті: Көктөбе, Жұмыскер, Кеңтүбек, Саты, Малайсары, Майтүбек ауылдары.

– Келесі жылы бұл жобамен Қаратерек ауылы қамтылады. Ал Баскөл ауылы 2025 жылы жобаға кіреді. Бір жыл ішінде барлық ауылдарды жаңарту мүмкін емес. Бұған бірнеше шектеу бар. Ең бастысы – бюджеттік мүмкіндіктер. Сондықтан рет-ретімен ауылдарды жаңғырту жоспарланған, – деді облыс әкімі.

Еске сала кетейік, ауыл тұрғындары кездесу барысында демалыс орнын құруды сұраған болатын.