Павлодар облысында жұмыстан кеткен мамандар декларация тапсыруға кедергі болуда
Облыс декларация жинау бойынша өңірлер рейтингінде соңғы орында тұр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2024 жылы Павлодар облысында 180 мыңнан астам адам табысы туралы декларация тапсыруы тиіс, алайда бүгінге дейін тек 143 мың тұрғын тапсырған.
Алғашқы екі кезеңде 116 мыңнан астам декларант болуы керек, бірақ 19 мың адам құжат тапсырмаған. Ал үшінші кезең аясында 68 мың декларанттың 22 мыңы тапсырмаған.
Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Руслан Рахымбердінің айтуынша, салық есептемені тапсырмаған тұрғындардың көбі – жұмыстан кеткендер.
– Жұмыстан шыққан медицина және мектеп қызметкерлері декларация тапсырмаған. Қазір оларды іздеп, декларация тапсыруды сұрап жатырмыз. Себебі, бүкіл процесті бөгіп жатыр. Сондықтан біз Қазақстан бойынша рейтингте соңғылардың қатарында қалдық, – деп атап өтті Руслан Рахымберді.
Декларация тапсырмағандардың басым бөлігі қалаларда, әсіресе облыс орталығында тұрады. Ал аудандарда декларанттарды қамту 95 пайызды құрап отыр.
Сонымен қатар, резидент еместер, коммерциялық емес ұйымдардың мүшелері және акционерлер немесе олардың жұбайлары басқарушы, коммерциялық ұйымдардың құрылтайшылары және жеке кәсіпкерлер болмаса, декларациядан босатылады.
Еске сала кетейік, салық құжатын осы жылдың 15 қыркүйегіне дейін тапсыру керек. Бірақ бұл күн демалыс күні болғандықтан, соңғы мерзім 16 қыркүйекке шегерілді. Құжатты уақытында ұсынбаған немесе мүлде тапсырмаған жағдайда ескерту жасалады. Ал қайталап бұзғаны үшін 15 АЕК, яғни 55 380 теңге айыппұл салынады.
Есептік құжатты қағаз түрінде ХҚКО әкелуге немесе cabinet.salyk.kz, egov.kz, «e-Salyq Azamat», «eGov mobile», Kaspi.kz, Halyk, Vcc. kz. арқылы ұсынуға болады.