Екібастұз бен Ақсуда фермерлер базарын салу қарастырылуда
Павлодар облысы – елімізде жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы ең аз қосылған өңір, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ӨКҚ-да өткен баспасөз жиынында облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ернұр Жәутікбаев Павлодар облысында ішкі сауданы дамыту бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатқанын айтты.
– Сауда саласында инвестициялық жобаларды қолға алудамыз. Облыс бойынша 16 жоба жоспарланған. Мәселен, Павлодар қаласында «Қарлығаш» сауда үйі жобасы іске асырылды. Екібастұз қаласының аумағында – «Аквилон» құрылыс супермаркетінің жобасы, Ақсу қаласында – «Ақсу Молл» сауда-ойын-сауық орталығының жобасы іске асырылуда. Облыс әкімінің тапсырмасымен Екібастұз және Ақсу қалаларының аумағында фермерлік базар салу мәселесі пысықталуда, – деді Ернұр Жәутікбаев.
Айта кетейік, Павлодар қаласында 2022 жылдың соңында «Jailau» фермерлік базары ашылған болатын. Мұнда күнделікті негізді жергілікті тауар өндірушілерден тікелей арзандатылған бағада әлеуметтік маңызды тауарлар сатылады.
«Jailau» фермерлік базарында бүгінде 31 жергілікті тауар өнідірушімен орын жалдауға келісімшарт жасалған. Өнімдер нарықтағыдан 15-20 пайызға төмен бағамен сатылады.
Сонымен қатар, басқарма басшысы жыл басынан бері еліміз бойынша әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы орта есеппен 3,7% қымбаттаса, Павлодар облысында 3,1% өскенін атап өтті.
– Яғни, Павлодар облысы республика бойынша әлеуметтік маңызды тауарлардың бағасы ең аз мөлшерде ғана қымбаттаған өңір атанып отыр. Сондай-ақ Павлодарда 1-сорттағы ұн, қарақұмық жармасы, сары май, картоп және сәбіздің бағасы републикадағы ең төмен бағалардың қатарына кіреді, – деді Ернұр Жәутікбаев.
Сондай-ақ облыста сауда орындарымен және өндірушілермен бірқатар меморандум жасалған.
Атап айтқанда, әлеуметтік маңызы бар тауарлар бойынша 4 ірі сауда желісі, 223 сауда нысанымен ең төменгі сауда үстемесін ұстау туралы, яғни үстеме бағаны 10 пайыздан асырмауға қол қойылды.
Сүт өнімдерінің бағасын көтермеу туралы 4 сүт кәсіпорнымен келісім жасалса, тауық жұмыртқаларын, қарақұмық жармасын және күнбағыс майын өндірушілермен шығарылатын өнімді төмендетілген бағамен сатуға меморандум жасалды.
Оған қоса, облыстың 36 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі белгіленген бағамен 20 мың тонна картоп және 5 мың тонна сәбіз отырғызуға келіскен.
Фото: ашық дереккөздерден