Павлодар облысының құс фабрикалары қауіпті жағдайда тұр
Бүгінгі таңда мәселені шешу үшін инвестор тарту қарастырылуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында Павлодар облысы әкімінің орынбасары Серік Батырғожинов мәлім етті.
Оның сөзінше, қосымша құс фабрикасын сатып алуды қаржыландыруға мүмкіндік жоқ, алайда аймақтағы құс фабрикаларын қайта құруға және одан әрі іске қосуға қолдау көрсетілмек.
– Бүгінгі таңда құс фабрикаларында реканструкция жүргізу мәселесі емес, жаңа инвестор тарту мәселесі туындап отыр. Біз бір айдың ішінде үш инвестормен кездестік. Оларға қойылатын бірінші талап – «Шарбақты-Құс» пен «Қызылжар-Құс» фабрикаларын, яғни екі құс фабрикасын да сатып алу. Екінші талап – Қазақстан заңына сәйкес құжаттардың болуы. Себебі келіссөз жүргізген инвесторлардың екеуі шетелдік инвесторлар болды, – деді Серік Батырғожинов.
Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы индексі көрсеткішінің төмендеуіне құс фермаларының толыққанды жұмыс істемеуі әсер етуде.
– Инвесторлар фабриканы зерттеп кетті. Егер сатып алатын болса, қысқа мерзімде іске қосу мүмкіндігі бар деген тұжырымға келді. Биыл ауыл шаруашылығының дамуына біздің облысқа суармалы жердің инфрақұрылымын дамыту, құс фабрикасын дамыту және тауарлы сүт фермалардың санын арттыру үшін 48 миллиард теңге бөлінеді, – деді ол.
Айта кетейік, биыл ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 474 млрд теңгені құрап, 46 млрд теңгеге ұлғайған болатын. Ал ауыл шаруашылығының нақты көлем индексі 100,8 пайызды құрады.