Павлодардан Новосібірге күнделікті әуе рейсі ашылады
Халықаралық бағыт бойынша ұшақтар 1 қыркүйектен бастап қатынайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің мәліметінше, 1 қыркүйектен бастап «Сибирь» әуе компаниясы Павлодар – Новосібір бағыты бойынша аптасына жеті рет рейс орындауды жоспарлап отыр.
Еске салайық, халықаралық әуе қатынасын жандандыру Павлодар әуежайының ұшу-қону жолағын реконструкциялау жұмыстары аяқталғаннан кейін мүмкін болып отыр. Жаңғырту барысында жолақтың ені 45 метрден 60 метрге дейін кеңейтілді. Бұл заманауи әуе кемелерін қабылдау мүмкіндігін арттырып, ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жаңартылған ұшу-қону жолағынан алғашқы рейс Астана – Павлодар – Астана бағыты бойынша орындалды. Рейстерді Vietjet Qazaqstan әуе компаниясы жүзеге асырады. Бір бағыттағы билет құны 15 мың теңгені құрайды.
Ал 1 қыркүйектен бастап FlyArystan Павлодар – Алматы – Павлодар бағыты бойынша күнделікті коммерциялық рейстерді қайта жандандырады.