Ертіс ауылында үш көшеге заманауи жарық шамдары орнатылады

Ауданда абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ертіс ауданының экономиканың нақты секторы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ағлан Сағитовтың мәлімдеуінше, биыл ауылдың негізгі үш көшесі – С. Мүткенов, Тәуелсіздік және Б. Рамазанов көшелері толықтай жарықтандырылады. Бұл жоба жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігі мен тұрмыстық жайлылығын арттыруға бағытталған.
С.Мүткенов көшесінде (Құдайберген батыр көшесінен республикалық маңызы бар тас жолға дейін) ұзындығы 934 метр болатын жарықтандыру желісі салынады. Жоба бойынша қуаты 150 Вт болатын 28 шам металл тіреуіштерге орнатылады. Құрылыс-монтаж жұмыстарының жалпы құны – 18,6 миллион теңге.
– Тәуелсіздік көшесі де заманауи шамдармен қамтамасыз етіледі. Жоба «Жазы батыр көшесінен «Сәлем» дүкеніне дейінгі» 800 метрлік аумақты қамтиды. Мұнда қуаты 80 Вт болатын 25 шам қойылады. Жобаны «Acad-құрылыс» ЖШС жүзеге асырады. Құрылыс жұмыстарының жалпы құны – 18,5 миллион теңге, – деді бөлім басшысы.
Б.Рамазанов көшесінде (Карел полк көшесінен «Толқын» кафесіне дейін) ұзындығы 350 метр болатын бөлік жарықтандырылады. Бұл көшеге қуаты 80 Вт болатын 13 шам орнатылады. Жоба құны – 10,9 миллион теңге.
Барлық жобалар бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылады.
Ағлан Сағитовтың айтуынша, бұл жобалардың басты мақсаты – ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және инфрақұрылымды жаңғырту.
Көшелердің жарықтандырылуы – тұрғындардың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін маңызды қадам. Бұл жұмыстар ауылдың инфрақұрылымын жақсартып қана қоймай, жолдағы қауіпсіздікті арттыруға да септігін тигізеді. Маман алдағы уақытта абаттандыру шаралары кезең-кезеңімен жалғасын табатынын атап өтті.