Ертіс ауданында мектептер жаңа қазандықтармен жылытылады
Кейбір білім беру мекемелерінде жылу жүйесі толығымен ауыстырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ертіс ауданында 35 автономды және екі орталықтандырылған қазандық бар. Облыс орталығындағы мәдениет және спорт мекемелерін жылытатын қазандықтардың жөндеу жұмыстары аяқталды.
Мамандар барлық қазандықтардың жұмысқа жарамдылығын тексеріп, ешқандай ақау таба алмаған. Гидравликалық сынақтар 10 қыркүйекке дейін жалғасады.
Экономиканың нақты секторы бөлімінің басшысы Қайролла Елукеевтің айтуынша, әлеуметтік нысандар алдағы қысқа тиянақты түрде дайындалуда. Сол себептен Сілеті, Майқоңыр, Қосағаш мектептері мен Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепте жылу жүйесі толығымен ауыстырылды.
– Ағашорын мектебіне – екі, ал ауыл шаруашылығы-техникалық колледжіне бір қазандық сатып алып орнаттық. Бір қазандықтың бағасы екі миллион теңгеден асады, – дейді Қайролла Елукеев.
Сонымен қатар, 5,3 шақырымды құрайтын жылу желілеріне бар ұзындығы бойынша жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жергілікті билік өкілдерінің бағалауынша, желілердің тозуы 61 пайызды құрайды, бірақ гидравликалық сынақтар кезінде апат болмаған, сондықтан күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген.
Барлығы 25 көпқабатты үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған, ауданда қысқа қамданбаған ғимарат қалмаған.
Ертіс ауданында жылу беру маусымы 1 қазанда басталады.