Павлодар облысының еңбекқор қызметкерлері марапатталды
Жұмыс берушілер білікті қызметкерлердің құзыреттілігінің құндылықтарын еске салды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Еңбек күні қарсаңында облыстың үздік 33 қызметкері марапатталды. Олардың ішінде теміржолшылар, энергетиктер, металлургтер, химиктер және техникалық қызметкерлер бар. Бұл қызметкерлердің барлығы – «Еңбек жолы» байқауының жеңімпаздары.
Марапаттарды табыстаған облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманова өңіріміз әрдайым мықты кадрларымен, жас тәлімгерлерімен танымал екенін атап өтті.
– Өз ісінің нағыз мамандары мемлекетімізді нығайтады, сондықтан біз еңбек адамдарын құрметтеуіміз керек. Біз экономиканың түрлі салаларында тиімді жұмыс істеп, елеулі нәтижелерге қол жеткізіп жүрген мамандарды мақтан тұтамыз, – дейді Айзада Құрманова.
Облыс әкімінің орынбасары байқау жеңімпаздарына Алғыс хаттар мен Құрмет грамоталарын табыс етті.
– Бізде техникалық мамандықтар жетіспейді. Жұмыс беруші осыны ескеріп, жастарды тарту үшін қосымша жағдай жасауы керек, – дейді Динара Айтжанова.
Ол Қазақстан Президенті өз Жолдауында қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы туралы айтқанын еске салды: кәсіпорындарда жазатайым оқиғалардың алдын алу шараларын енгізу қажет, ал қызметкерлерді міндетті түрде сақтандыру керек.
– Мен қауіпсіздік және еңбекті қорғау бөлімінде инженер болып жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болдым. Он бірінші сыныпта мектепте экологиялық форум өткен болатын. Бұл шарадан кейін мен экология саласында жұмыс істеймін деп шештім. Жақын арада өнеркәсіптік қауіпсіздік және еңбекті қорғау бойынша емтихан тапсырамын, – дейді «Каустик» АҚ оқу орталығының басшысы Ансара Құрман.
Еске сала кетейік, қазақстандықтар қыркүйек айының соңғы жексенбісінде Еңбек күнін тойлайды. Бұл мереке Елбасының 2013 жылғы қарашадағы Жарлығымен жастайынан еңбектің маңыздылығын ұғындыру және мамандықтарды құрметтеу дәстүрлерін жаңғырту, өнімді еңбекті ынталандыру, жастар арасында кәсіптерді кеңінен насихаттау және ұзақ мерзімді еңбекті нығайту мақсатында белгіленді.