Алғашқы мерейтой: Павлодарда ЭМБ өкілдері қызыл кілеммен жүріп өтті

10 жылдың ішінде қаланың жарты халқына теңдес азамат саны фин-угор бірлестігінің шараларына қатысқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«Достық үйінде» фин-угор этномәдени орталығының 10 жылдық мерейтойына орай концерт ұйымдастырылды. ҚХА-ның 20 жылдығына орай Павлодар облысында 24-ші этномәдени бірлестік ашылған болатын.
– Бірлестігіміз кеше ғана ашылғандай еді, ал биыл 10 жылға жеттік. Мерекелеуге орталықты құруға бастамашыл болған адамдар, оны кейін қолдап, жақсы көрген жандар келді, – деді фин-угор этномәдени орталығының төрағасы, жобаның ұйымдастырушысы Ольга Николашина.
Іс-шарада әлемінің түкпір-түкпірінде тұратын бұрынғы фин-угор мүшелері видео арқылы бірлестік өкілдерін құттықтады. Шығармашылық топтардың, этно-мәдени ұйымның дамуына атсалысып жүрген белсенділердің қызыл кілем үстінен жүріп өтуі мерекенің әсерлі бөлігіне айналды. Олар қонақтардың ықыласына бөлене отырып, құрметке ие болды.
– Осы уақыт ішінде орталықтың аналар кеңесі, ақсақалдар кеңесі, ең бастысы, жастар қанаты үлкен жұмыс атқарып үлгерді. Екі тамаша шығармашылық ұжымымыз бар – «Самұрық» хореографиялық ансамблі және «Туған жер» вокалдық тобы. Он жылда 500-ден астам іс-шара өткіздік. Бұл 500 мыңнан астам адамды, қаламыздың халқын қамтыды деп айтуға да болады, – деді Ольга Николашина.
Бүгінгі таңда фин-угор этномәдени орталығы белсенді 161 мүшесін біріктіреді. Тереңкөл ауданында мордов және Успен ауданында удмурт бірлестіктерінің филиалы жұмыс істейді. Олар да мерейтойға орай қалаға келіп, құттықтау сөздерін қабылдады. Сондай-ақ, бірлестікте салауатты өмір салтын ұстанатын жандар үшін скандинавиялық серуендеу студиясы ашылды. Барлық шараға үш жастағы кішкентай балалардан бастап 80 жастан асып кеткен, алайда әлі де өмірдің ағынынымен үндесіп жүрген ата мен әжелер қатысып келеді.
Мерейтойға орай көршілес өңірден арнайы қонақ келіп, өзінің көзқарасын білдірді. Омбы фин-угор орталығы өңірлік қоғамдық бірлестігінің басшысы Данила Картелайнен павлодарлық достарына көңілі әрқашан толып отыратынын жеткізді.
– Шыны керек, шекаралас, достық қала – Павлодармен өте тығыз ынтымақтастық бар. Мемлекетіміздің ұлттық саясаты өте жемісті ынтымақтастыққа мүмкіндік береді. Осы уақыт аралығында бізде бірлескен бес іс-шара өтті, – деді Данила Картелайнен. – Павлодар қаласының фин-угор орталығы жастарды өз іс-шараларына қатысуға тартатыны қуантады, бұл құрметке лайық. Әрі қарай қарым-қатынастарымыздың дамуына барлық жағынан ықпал ететін боламыз.
Оның сөзінше, алдағы уақытта екі бірлестігінің серіктесігімен бірегей фестиваль өткізу деген жоспар бар. Концерт барысында шығармашыл топтар ұлттық әндер шырқап, би биледі.
Фото: Рустэм Ануарбеков