Ертіс ауданында танымал қаламгерге құрмет көрсетілді

Ертіс ауданында танымал қаламгерге құрмет көрсетілді

Ақын, өлкетанушы, аудармашы Самат Мәненұлының 75 жас мерейтойына арналған «Ұлы өнерге қолқанатпын» атты шығармашылық кеші өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Самат Мәненұлы 1950 жылдың 20 қаңтарында Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Мөнекей ауылында өмірге келді. Самат – сегіз баланың бесіншісі. Алғашқы «Мектебім» атты өлеңі 1964 жылы аудандық «Коммунистік еңбек» газетінде жарық көрді. Облыстық «Коммунизм туы» газеті де бала Саматтың өлеңдерін газет бетіне шығарды.

– Қаламгердің аудандық газетте істеген жылдары журналистік Һәм ақындық таланты жарқырай көрінді.  Бәрі де – Құдай берген талантының арқасы. Оның қаламынан шыққан әрбір дүние оқырманға ой салады, толғандырады. Өзі ақын, өзі инженер ағамыздың көпшілікке беймәлім тұстарының бірі – оның аудармашылық қыры. Орыс ақыны Алексей Плещеевтің Гетеден, Гейнеден аудармаларын, Роберт Рожденственскийдің «Реквием» поэмасын қазақшалады,  дейді Ертіс ауданының ақыны Нарқұлан Райхан.

Мерейтойлық салтанатты кеште аудан әкімі Нығман Жүсіпов Павлодар облысы әкімінің міндетін атқарушы Серік Батырғожиновтың құттықтау хатын табыстады. Құттықтау хатта Самат Мәненұлының Павлодар облысының өркендеуі мен гүлденуі жолында ұзақ жылдар еселі еңбек етіп, өңіріміздің қарыштап дамуы үшін мол үлес қосқаны айтылған:

– Журналистика саласында толайым табыстарға қол жеткізіп, өз мерейіңізді де, ел мерейінің де үстем болуына еңбек еттіңіз. Ақындар мен батырлардың алтын құрсағы Ертіс-Баян жұртшылығы сіздің өнеріңізді жоғары бағалайды, – делінген хатта.

Бұдан кейін Самат Маненұлы «Ертіс ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

Сондай-ақ, Ертіс жұртының көз алдында Самат Мәненұлының «Егінді өлкем, Ертісім» кітабының тұсауы кесілді. 

Одан соң облыстық маслихат депутаты Қалауиден Ибрагимов сөз сөйлеп, Самат Маненұлына ұзақ жылғы адал еңбегі, белсенді қоғамдық қызмет, облыстың шығармашылық дамуына қосқан зор үлесі үшін облыстық маслихат төрағасының Алғыс хатын табыстады.

Қазақ тілінің жанашыры, ардагер тілші, Ертіс ауданының«Нұр ана-әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қадиша Алқамбекқызы сахнада тұрып, Германия елінен, Самат Маненұлының қызы Гүлнар Саматқызы бейне қоңыраумен құттықтауларын арнады. Ақын Нарқұлан Райхан Самат Мәненұлының шығармашылығы туралы баяндама жасады.

Кеш барысында Самат Мәненұлы ақындыққа қалай келгені, шығармашылығына кімдердің әсері болғаны туралы, кітаптарының шығуы жайлы, тағдыр, бақыт ұғымдарына қатысты ойларын ортаға салды, аудандық «Ертіс нұры» газетінде істеген жылдарынан естелігімен бөлісті.

Сондай-ақ, әдеби кеште ақынның өлеңдері оқылды.