Велосипедпен әлемді кезген екібастұздық өз сапарларын кітапқа айналдырды

Велосипедпен әлемді кезген екібастұздық өз сапарларын кітапқа айналдырды
Фото: Константин Шелков

Басылым саяхат барысында жазылған күнделіктер негізінде әзірленген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Кітапта автор жүріп өткен бағыттар, кездескен адамдар және жорықтардағы түрлі қиындықтарды еңсеру тәжірибесі баяндалады.

Кітап авторы, Екібастұз қаласының велотуризм жанашыры әрі «8 Миля» велоклубының жетекшісі Анатолий Пырликтің айтуынша, кітап жазу идеясы бірден туындамаған.

– Алғашында мен тау, шаңғы және су жорықтарымен айналыстым. Кейін алғашқы бірлескен велосапарымыз туралы серігім Александр Неупокоев газетке мақала жазды. Содан кейін біз жүрген бағыттарымызды кезектесіп қағазға түсіре бастадық. Осылайша «Жол жазбалары» дүниеге келді, – дейді автор.

Уақыт өте келе олардың жолдары екіге айырылғанымен, Анатолий Пырлик велоспортпен айналысуын тоқтатпаған. Ол «8 Миля» балалар велоклубын ашып, балалармен, олардың ата-аналарымен және пікірлестерімен бірге жасаған әрбір жаңа велосапары туралы жазбаларын жалғастырып отырған.

– Он жыл бойы жиналған материалдар алғашқы кітабымның негізіне айналды, – дейді ол.

«8 Миля» велоклубы бүгінде Павлодар облысында ғана емес, Қазақстанның өзге өңірлерінде және шетелде де танымал. Велосапарлардың арқасында Анатолий Пырлик Германия, Түркия, Ресей және Грузия елдерінен көптеген достар тапқан.

Велосаяхатшының айтуынша, саяхаттар бастапқы нүктеге жеткеннен кейін басталады. Одан әрі қатысушылар бағытты тек кәдімгі велосипедпен, ешқандай электржетексіз және сырттан көмек алмай жүріп өтеді.

– Күрделі веломаршруттар мұқият дайындықты талап етеді. Команда құрамында әдетте үш-бес тәжірибелі қатысушы болады. Олар мың шақырымнан асатын қашықтықтарды, тау өзендерінен өтуді, өткелдерді, теңіз деңгейінен 4500 метрден жоғары асуларды және тік еңістерді еңсере алуы керек. Сонымен қатар қатысушылардың психологиялық үйлесімділігі мен өзара түсіністігі де аса маңызды, – дейді саяхатшы.

Анатолий Пырлик велосипед түрлерінің ішінде таулы аймақтарға арналған тау велосипедіне басымдық береді. Себебі оның бағыттарының басым бөлігі таулы және ойлы-қырлы жерлермен өтеді.

Көпжылдық сапарлары барысында ол ондаған мың шақырымды артқа тастаған. Өзінің айтуынша, барлық жүрген жолын қосқанда, оның жалпы қашықтығы Жер экваторының ұзындығынан үш есе асып кеткен.

Кітаптың тұсаукесерінде Павлодар география үйінің жетекшісі Александр Вервекин Анатолий Пырликтің көптеген жерлестерін, соның ішінде балалар мен ересектерді велотуризмге баули алғанын атап өтті. Оның айтуынша, автор екі доңғалақты көлікпен саяхаттаудың қыр-сырын үйретіп қана қоймай, адамдарды жаңа бағыттарды бағындыруға жігерлендіріп келеді.

Ал павлодарлық фотограф Александр Бичинев кітаптың жарық көруін өңір үшін маңызды оқиға деп бағалады.

– Осындай адамдар туған өлкенің тарихын жасап, өз қаласы мен облысының бет-бейнесіне айналады. Бұл кітап – көп жылғы еңбектің, мыңдаған шақырымдық сапарлардың және саяхатшы көзімен көрген өмірді оқырманға жеткізуге деген талпыныстың жемісі, – дейді фотограф.

Кітап 500 дана таралыммен жарық көрді.