Антиваксерлер тежеуде: павлодарлықтарды екпе алуға шақырады

Павлодарда халықты иммундау және жасөспірім қыздарды папилломалық вирусқа қарсы вакцинациялау бойынша дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жиын модераторы, Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Мұқышева жатыр мойны обырына қатысты ресми деректерді санамалап өтті. Іс-шара Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы миссиясының сапары аясында өтті.
- Бұл ауру әлемде онкологиялық аурулардың 13 пайызын құрайды, - дейді Айгүл Мұқышева. - Жатыр мойны обырының әйелдердің адам папилломасы вирусын жұқтыруымен тікелей байланысты екені ғылыми дәлелденген. Ресми деректерге сәйкес, Қазақстанда күн сайын аурудың бес жаңа жағдайы және осы патологиядан екі өлім тіркеледі.
Содан соң осы дертке қарсы екпе алуға бел буған қыздардың ата-аналарына сөз берілді. Павлодар қаласының тұрғыны Айгерім Есімханова мен оның он екі жасар қызы екпе алғанына өкінбейді. Вакцинация жанама әсерсіз өтті, дәрігерлер барлығын анық түсіндірді және науқастардың жағдайын үнемі қадағалап отырды. Тамыз айында қыз бала екпенің екінші кезеңінен өтеді.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Нұршай Әзімбаева павлодарлық әріптестеріне еңбектері үшін алғыс білдірді. Астаналық қонақ өз сөзінде екпенің қажеттілігіне баса назар аударды.
- Екпе – денсаулық сақтау жүйесіндегі ең тиімді құрал, ол бір адамның ғана емес, бүкіл қоғамның қауіпсіздігі, - деп атап өтті Нұршай Әзімбаева. - Қыздарды папилломалық вирусқа қарсы иммундау 2024 жылы енгізіліп, қазірдің өзінде өз нәтижесін беруде. Қазіргі таңда профилактикалық екпелердің күнтізбесіне аурудың 21 түріне қарсы вакцинация енгізілген.
Оның айтуынша, кезінде екпелердің арқасында шешек ауруын жеңуге болатын. Аға буын өкілдері оған қарсы егілді, бірақ 1978-79 жылы туған балалардан бастап, шешек ауруының азаюына байланысты бұл тәжірибе тоқтатылды. Қызылшаны дәл осындай тағдыр күтіп тұр еді, бірақ антиваксерлер бұл мәселені шешуге әлі жол бермей тұр.
Тағы бір мысал: егер 90-шы жылдары жыл сайын 13 мың қазақстандық паротитпен ауырса, қазір олардың саны 120 адамнан аспайды, В гепатиті көрсеткіші жылына бес мыңнан 50-60 жағдайға дейін төмендеді.