Павлодар облысында демалыс кезінде жедел жәрдем шақыртулары артты
Балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары жиілеп барады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өткен демалыс күндері облыстық жедел медициналық жәрдем қызметіне түскен өтініштер саны 20 пайызға өскен. Қалыпты күндері 103 қызметі тәулігіне орта есеппен 650 жағдай бойынша көмекке шықса, демалыс күндері бұл көрсеткіш 800-ге жуықтаған. Соған қарамастан, барлық шақыртуға уақытылы қызмет көрсетілген.
Жаз мезгілінде балалардың қатысуымен болатын жол апаттары көбейіп отыр. 10 шілдеде Павлодар қаласы маңындағы Теміржолшылар кентінде скутер тізгіндеген адам 12 жастағы баланы қағып кеткен. Түрлі жарақат алған жасөспірім облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.
11 шілдеде 103 диспетчерлік қызметіне тағы екі осындай жағдай бойынша хабарлама түскен. Академик Шөкин көшесінде автокөлік 18 жастағы қыз баланы қағып кеткен. Ал Российская және Щедрин көшелерінің қиылысында 14 жастағы ұл бала жарақат алған. Екі жеткіншек облыстық балалар ауруханасына жатқызылды.
Павлодар облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенко ата-аналар мен жүргізушілерді барынша мұқият болуға шақырды.
– Жаз мезгілінде балалар уақытының көп бөлігін далада өткізеді. Велосипед, самокатпен жүргенде немесе жолдан жүгіріп өткен кезде қауіпсіздік талаптарын жиі ескере бермейді. Ата-аналар оларға жол қозғалысы ережелерін үнемі түсіндіріп отыруы керек. Ал көлік жүргізушілері ойын алаңдары, мектептер, саябақтар мен тұрғын аймақтарға жақын жерлерде жылдамдықты азайтқаны жөн. Кәмелетке толмағандардың жолдағы әрекетін алдын ала болжау қиын. Сондықтан, жүргізушінің бір сәттік салғырттығы ауыр жағдайға әкелуі мүмкін, – деді Ирина Мищенко.
Демалыс күндері жедел жәрдем мамандары суға кету оқиғасына байланысты да көмек көрсетуге барған. Қызылжар ауылы маңындағы Ертіс өзенінің жайылмасында өтіп бара жатқан азамат алты жастағы баланы судан алып шыққан. Тыныс алу жеткіліксіздігі байқалған бүлдіршін облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.
Дәрігерлер жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударуды сұрап, жолда және су айдындарының жанында сақтық шараларын қатаң ұстануға шақырады.