Досымжан Таңатаров Аққулы тұрғындарын мерейтоймен құттықтады

Досымжан Таңатаров Аққулы тұрғындарын мерейтоймен құттықтады
Фото: Аққулы ауданының әкімдігі

Аққулы ауданы 85 жылдық мерейтойын атап өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Фойеде Бұқар жырау мұражайы ауданнан шыққан Рүстембек Омаров, Ақын Алақанұлы, Ғарифолла Есім және басқа да тұлғалар туралы көрме ұйымдастырды. «Сары байбіше жауырыны», Ахмет Байтұрсыновтың Аққулыдан табылған  кітабы көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар Аққулы ауданы ауылдық округтері «Тарихы терең туған өлкем» атты шығармашылық көрмесін дайындады. 

2024 жылы аталып өтілетін мерейтой иелері, ауданның атақты тұлғалары   Әбілхайыр  Баймолдиннің  115 жылдығына және  Рүстембек Омаровтың 105 жылдығына  арналған экспозиция  орналастырылды. Қонақтар балалар арасында «Қандай көркем, менің өлкем!» атты суреттер аллеясын тамашалады. 

– Дана халқымызда  «Той – халықтың қазынасы» деген жақсы сөз бар. Ежелден ынтымақ-бірлігі жарасқан,  халықтың абзал қасиетімен, қазақы салт-дәстүрімен сүттей ұйыған сәні мен әні келіскен киелі мекеніміз  Аққулы ауданымызға  биылғы жылы  85  жыл  толғалы отыр. Сонымен қатар,  Қазақстан халқы үшін көктем мен  жаңаруды айшықтайтын ұлы мереке – Наурыз мейрамы де келіп жетті. Қазақ жерінің әр бөлшегі қасиетті, әр тау-тасы қадірлі. Аққулы  жері де – сол қатардағы  қастерлі  мекеннің бірі, – дейді аудандық халық шығармашылығы және мәдени-сауық орталығының директоры  Самат Момынжанов.

Ауданның мерейтойына орай  аудан, ауыл және облыс өнерпаздары «Өнерлі өлкем – Аққулым» атты концертпен барлық ауылдық округті аралап, өз өнерлерімен көрермендердің ыстық ықыласына бөленген.  Жылдың аяғына дейін барлық ауылдық округтерде  ауданның 85 жылдығына арналған көптеген іс-шара  ұйымдастыру жоспарланып отыр.    

Мереке жиналған жұртшылық атаулы мерекеге арналған аудан, облыс өнерпаздарының, құрметті қонақтардың қатысуымен «Дархан  өлкем – Аққулым» атты   концерттік  бағдарламаны тамашалады. Сонымен қатар, кештің құрметті қонағы ретінде шақырылған ҚР Еңбек сіңірген әртісі Досымжан Таңатаров әсем әннен шашу шашып, мерейтоймен құттықтады.