«Қаз қонақтағы» неоген жануарларының сүйектері Мәскеу музейінде кездеседі
Павлодарлық жастарға қала күні қарсаңында «Skills Map» атты «жанды» кітапхана ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жастар бастамаларын дамыту орталығында өткен аталмыш жиынға спикерлер ретінде тарих мамандығы бойынша гуманитарлық ғылымдар магистрі, облыстық көркемсурет музейіндегі экспозициялық-көрме жұмысы бөлімінің басшысы, Павлодар қаласының өлкетану музейінің экскурсоводы қатысты.
«Жанды» кітапхана – әр түрлі әлеуметтік, этникалық тегі бар адамдар кітап оқитын іс-шара, ал кітап оқырмандары – аймақ жастары. «Жанды кітап» деп танылған әрбір спикер 15 минут аралығында Павлодар туралы өз білімдерімен, жеке тәжірибелерімен және шабыттандыратын әңгімелерімен бөліседі.
– Бұл жоба қала тұрғындары мен қонақтарына өңіріміздің бай тарихы мен мәдени мұрасы жайлы тікелей куәгерлер және сарапшылардан білуге бірегей мүмкіндік береді, – дейді Павлодар қаласының өлкетану мұражайының экскурсоводы Алсу Туркулова.
– Аталмыш көрнекті орын 1929 жылдан бастап зерттелді. Ал 1930 жылдары қазба жұмыстары бастау алды. 60-тан астам қазба жануардың түрлі сүйектері табылған болатын. Кеңес заманында зерттелгендіктен, археологиялық қалдықтардың көбісі Ресейде сақталған, – дейді ол.
Экскурсоводтың сөзінше, «Қаз қонақ» Еуразиядағы гиппарион фаунасының ең үлкен орындарының бірі ретінде белгілі. Оның жасы 4-4,5 миллион жыл құрайды. Онда хилотерия, синотерия — мүйізтұмсық, махайрод – қылыш тісті жолбарыс, лагомерикс, самотерия, сондай-ақ кеміргіштердің көптеген түрлері табылған. 1971 жылдан бастап мемлекет қорғауына алынды. Кейін 2019 жылы оның орнына ашық аспан астындағы мұражай ашылып, осылайша ескерткіштің өзі сақталған болатын.
Айта кетейік, қаланың мәдени мұрасын сақтауға ықпал етіп қана қоймай, тарихын кең аудитория арасында терең түсінуге мүмкіндік туғызатын «Жанды» кітапхана іс-шарасы дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіледі.