Павлодар әуежайы мұздануға қарсы өңдеу жұмыстарын жүргізуге дайын
Бүгін кешке FlyArystan Павлодар – Алматы рейстерін қайта жандандырады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Павлодар» әуежайы» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Марат Хасеновтің айтуынша, қазіргі уақытта Павлодар әуежайынан Алматы мен Астана бағыттарына тұрақты рейстер орындалады. «Qazaq Air» әуе компаниясы рейстерін кестеге сәйкес орындап келеді.
Сонымен қатар, FlyArystan әуе компаниясы кейбір рейстерді уақытша тоқтату туралы шешім қабылдаған. Бұған әуе кемелеріне мұздануға қарсы қосымша өңдеу жүргізу рәсімдеріне қатысты мәселелер себеп болған.
– Біз әуе компаниясына қажетті қосымша материалдарды жібердік. Олар әуежайымызға өз аудиторларын шақырып, тексеру жүргізді. Бұл жұмысты бірлесіп атқардық. Бүгін кешке Алматы – Павлодар – Алматы бағыты бойынша рейстер қайта жанданады, – деді Марат Хасенов.
Оның айтуынша, 12–14 қазан аралығында әуежайда Қазақстанның авиациялық әкімшілігі тексеру жүргізген. Уәкілетті орган тарапынан мұздануға қарсы өңдеу жұмыстарына қатысты ешқандай шектеу қойылмаған.
– Уәкілетті орган ретінде Қазақстанның авиациялық әкімшілігі тарапынан мұздануға қарсы өңдеу жұмыстарына шектеу болған жоқ. «Qazaq Air» рейстерін кестеге сәйкес орындап отыр. FlyArystan компаниясында белгілі бір сұрақтар туындаған болуы мүмкін. Біз оларды түсіндіріп, бірлесіп пысықтадық. Қазір барлық мәселе шешілді, бүгін кешке Алматы – Павлодар – Алматы рейсі орындалады, – деді ол.
Ал FlyArystan әуе компаниясы Павлодар – Алматы бағытындағы рейстерді мұздануға қарсы өңдеу рәсімдерінің тәуелсіз зертханалық бағалауы аяқталғанға дейін тоқтатқан болатын. Тиісті бағалау 22 қазанда аяқталды. Осыған байланысты рейстерді сол күні кешке қайта бастау жоспарланып отыр.
Осылайша, Павлодар әуежайы ұшақтарды мұздануға қарсы өңдеу жұмыстарын жүргізуге дайын екенін растады.
Еске сала кетейік, 20 қазанда Алматыдан Павлодарға бағыт алған FS-7131 рейсі Алматы әуежайына қайта оралған болатын. Кері бағыттағы FS-7132 рейс те сол күні тоқтатылды.