Павлодар облысында ақбөкендердің саны бес есе артты
Өңірде Бетпақдала популяциясы ақбөкендері мекендейтін аумақтарға ерекше назар аударылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Руслан Төлепбаев 2024 жылғы 1-31 желтоқсан аралығында елімізде жануардың популяциясын сақтау, браконьерлікпен күресу, сондай-ақ сирек кездесетін жануарларды заңсыз аулау және олардың мүйіздері мен басқа да өнімдерін сатуды тоқтату мақсатында «Ақбөкен» кең ауқымды табиғат қорғау акциясы өтетінін атап өтті.
– Өңірде Бетпақдала популяциясы ақбөкендері мекендейтін аумақтарға ерекше назар аударылады. Олардың негізгі мекендеу орындары – Май және Баянауыл аудандары. 2024 жылы облыстағы ақбөкендердің саны 20 мың бастан асты, бұл – 2020 жылмен салыстырғанда бес есе көп, – деді Руслан Төлепбаев.
Жануарларды қорғау тұрақты негізде, оның ішінде мекендейтін жерлерде тәулік бойы бақылау арқылы жүзеге асырылады.
Бұл ретте, Ақмола, Қарағанды және Батыс Қазақстан облыстарында ақбөкендер популяциясының санын реттеу бойынша санитарлық ату орындалған. Инспекция басшысының айтуынша, Павлодар облысы бойынша мұндай қажеттілік болған жоқ. Биылғы жылы тек ғылыми мақсатта сегіз бас ақбөкенді алу бойынша лимит бекітілген. Бүгінгі күні ақбөкендердің тіршілік ету ортасы үнемі бір жерде болғандықтан, айталық, астық өсірумен айналысатын фермалар үшінеш зиян келтірмейді.
– Павлодар облысында жабайы жануарлардың саны артып келеді. Жыртқыштардың саны бойынша мысалы, қасқыр, түлкі, қарсақтар саны реттелетін аңдар тізімінде. Сондықтан бүгінгі таңда дәл осы жыртқыштардың саны көп деп айта алмаймын. Мұның дәлелі – басқа жануарлардың динамикасының өсуі. Сондықтан да үй жануарларына, жалпы тұрғындарға да еш қауіп төніп тұрған жоқ, – деді спикер.
Айта кетерлігі, 2019 жылдан бастап облыста ақбөкендерге қатысты браконьерлік фактілері тіркелмеген. 2023 жылы ақбөкендер мүйіздерін заңсыз сақтаудың екі жағдайы анықталған.
Еске сала кетейік, ақбөкендерді және олардың мүйіздерін аулау үшін алты мың АЕК-ке дейінгі айыппұл салу немесе үш жылдан 10 жылға дейін бас бостандығын шектеу, сондай-ақ мүлікті тәркілеу шарасы қолданылады.