Павлодардағы музейлер вандалдар шабуылына қарсы тұра ала ма?

Павлодардағы музейлер вандалдар шабуылына қарсы тұра ала ма?

Жергілікті музейлердегі қауіпсіздік жайы қандай, бұл туралы @Pavlodarnews.kz тілшісінің материалында.

Павлодар облыстық көркем сурет музейі басшысының орынбасары Ольга Пашкованың айтуына қарағанда, вернисаждар тыныш өтеді, көрермен картиналарды сүйіп тамашалайды. Вандализм болуы мүмкін бе деген сауалға өнертанушы философиялық тұрғыдан жауап қайырды.

- Вандализм актілері болған емес. Павлодарда суреттерге пышақпен немесе түрлі қышқылдармен шабуылдаған жоқ. Жамандықты ойлағымыз келмейді. Мұндай психоз көбінде ірі әлемдік деңгейдегі музейлерде орын алады. Бізде бәрі тыныш өтеді, - дейді Ольга Пашкова.

Дегенмен, сақтқ шаралары да ескерулі. Музейде күзет, сигнализация және дабыл түймесі бар. Барлық бағалы картиналар шынының астында қойылады.

- Осының бәрі көрермен қауымды сабырға шақырады. Оған қоса, бізде 15-16 ғасырлардағы картиналар жоқ. Оның үстіне Еуропадағы ортағасырлық туындылар діни сюжеттерді баяндайды. Міне, солар кейбір көрерменнің жүйке жүйесіне ерекше әсер етуі мүмкін, - дейді спикер.

Г.Н. Потанин атындағы облыстық музейде де бұзақылар шабуылы тіркелмеген. Музей басшысы Арман Әлиакпаровтің айтуынша, мекемеде барлық заманауи қауіпсіздік шарттары ескерілген.

- Вандализм болған емес. Жәдігерлерде отырып немесе оларды қолына ұстайтын тәртіпсіздер кездеседі. Оларды бірден тәртіпке шақырамыз. Дегенмен, жәдігердің біреуі зақымдалса, полиция шақырып, келтірілген шығынды есептейміз. Егер кішігірім зақым келсе өзіміз, ал үлкен жұмысты қажет етсе, Остров Крым» лабораториясына жүгінуге тура келеді, - дейді Арман Әлиакпаров.

Естеріңізде болса, соңғы кездері шетелде әртүрлі желеумен атақты картиналарға шабуылдар оқиғалары көбейген. Былтыр мұнай өндірісіне қарсы Just Stop Oil экоқозғалыс белсенділері құны 84,2 млн доллар тұратын Винсент Ван Гогтың «Күнбағыстар» туындысына томат сорпасын төккен.

Фото: Константин Шелков және Г.Н. Потанин атындағы облыстық музей