Павлодарда Торайғыров шығармашылығына арналған жыр байқауы өтті
Дәстүрлі байқауда жас ақындар мен оқырмандар ақын мұрасын дәріптеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласындағы «Колос» мәдени-сауық орталығында дәстүрлі «Сұлтанмахмұттың қоңыр күзі» атты қалалық конкурс өтті. Байқау қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ағартушы ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармашылығына арналды.
Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мәліметінше, ақын мұрасын дәріптеуді мақсат еткен шараға жырсүйер жастар – қала мектептерінің оқушылары мен мұғалімдері, кәсіптік лицей-колледждердің және жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.
– Байқауға 20-дан астам адам қатысып, Сұлтанмахмұттың «Қамар сұлу», «Кім жазықты?» романдарынан, «Кедей», «Адасқан өмір», «Айтыс», «Таныстыру» поэмаларынан үзінділер оқыды. Сонымен қатар «Өлең қоржынынан» алынған ақынның тоғыз танымал өлеңінің кез келгенін жатқа мәнерлеп айтып, көрермен ықыласына бөленді, – деді ұйымдастырушылар.
Сайыс барысында қатысушылар ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты викториналық сұрақтарға жауап беріп, өз білімін де сынға салды.
Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде – Әлкей Марғұлан университетінің төртінші курс студенті Лейла Нұғыманға бұйырды.
Бірінші орынды Жоғары инновациялық көпсалалы колледжінің студенті Аяулым Болатова иеленсе, екінші орынды Бейсен Ахметов атындағы жоғары педагогикалық колледждің студенті Диана Зайниденова қанжығасына байлады. Үшінші орынды №7 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Диана Зекенова иеленді.
Конкурс жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар мен дипломдар табыс етіліп, барлық қатысушыларға естелік кәдесыйлар берілді.