Павлодарда Металлургтер күні кең көлемде атап өтілді
Мерекелік іс-шаралар ERG компаниясына енетін «Қазақстан алюминийі» АҚ және «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ ұйымдастырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі
Металлургтер күні қарсаңында зауыт алдындағы алаңдарда Құрмет тақтасы жаңартылды. Онда өндіріс озаттарының фотосуреттері орналастырылды. Мерекеге орай саланың үздік мамандары, жас жұмыскерлер, еңбек ардагерлері мен басқа да жұмысына адал азаматтар марапатталды.
«Қазақстан алюминийі» АҚ Құрмет тақтасын ашқан кәсіпорынның экономика және бақылау жөніндегі директоры Владимир Петров зауыттың тарихы мен өңір үшін маңыздығына ерекше тоқталды.
- 60 жылдық тарихы зауыт талай еңбек адамдарын тәрбиелеп шығарды. Зауыт Павлодар және өңіріміздің көптеген тұрғындарының асыраушысына айналды. Сіздер зауытымыздың күші, тірегі әрі мақтанышысыздар, - деді Владимир Петров. – Қажырлы еңбектеріңіз үшін зор алғыс білдіріп, зор денсаулық пен жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін!
«Қазақстан алюминийі» АҚ персонал және мәдениет жөніндегі директоры Александр Носов айтып өткендей, үздік 50 жұмыскердің суретін Құрмет тақтасында орналастыру – кәсіпорынның көнеден келе жатқан игі дәстүрі. Жыл бойы бұл адамдар айсайынғы үстемақы алып тұрады. Келесі жылғы Металлургтер күні кезек ERG компаниясы алюминий дивизионының басқа да құрметке лайықты жұмыскерлеріне беріледі.
Суреті Құрмет тақтасында орын алғандардың бірі – Қайрат Шөкенов. Павлодар алюминий зауытының шикізатты дайындау цехінің бункершісі кәсіпорында 22 жыл еңбек етіп келеді. Металлург әріптестерін мерекемен құттықтады.
- Әріптестеріме қажымас қайрат, оптимизм, қайсарлық пен еңбектеріңіздің лайықты бағаланғанын тілеймін. Отбасыларыңызға – зор денсаулық, оптимизм, ашық аспан тілеймін, - деді ол.
Төсбелгілер, құрмет грамоталары мен алғыс хаттардан бөлек мереке қарсаңында металлургтерді одан да бағалы сыйлықтар күтті. Металлургтер күніне орай Қазақстан электролиз зауытының 26 жұмыскері жаңа пәтер иегерлері атанды!
Металлургтер күні зауыттар көлеміндегі мерекеден қала деңгейіне дейін жайылды. Жұма күні кешке «Қазақстан алюминийі» АҚ және «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ Павлодар облысының түкпір-түкпірлерінен келген ән сүйер қауымның басын біріктірген open-air ұйымдастырды. Бұл түсінікті де, өйткені, Гагарин атындағы саябақ сахнасында танымал қазақстандық орындаушы The Limba және диджей Danila Fox секілді көпшілік сүйетін әртістер өнер көрсетті.
Металлургтер күніне қатысты мерекелердің шарықтау шегі Гагарин атындағы саябақта өткен «METAL FEST» арт-фестивалі болды. Мерекенің өзі қойылым алаңында басталып, қала тұрғындарын жарқынтүсті костюмдер киген көше актерлері қарсы алды. Қонақтар олармен қуана суретке түсті.
Мұндай бағдарлама ересектер мен балалардың көңілін бірден аулады. Іс-шараның кішкентай қонақтарына ойындар, спорттық жарыстар, шеберлік сыныптары және тегін балмұздақтары бар анимациялық бағдарлама ұйымдастырылды. Ересектерге «Той» және «Ақ бата» стандарттан тыс театр қойылымдары, нағыз театр шеруі – кальвакада және жүлделер ұтыс ойыны бар театр аттракционы қойылды.
- Мереке өте әдемі, бізе бәрі ұнайды, - дейді қала тұрғыны Гүлдана Әбілова. – Театрландырылған шоу керемет, балалар үшін көптеген қызықтар бар. Барлығы тамаша!
«METAL FEST» мерекесіне балаларымен келген павлодарлық Ольга Кушлак ұйымдастырушыларға алғысын жаудырды: «Мереке өте жақсы: бәрі әдемі, көңілді, Металлургтер күніне орай қызықты іс-шаралар көп. Балалар да мәз-мәйрам. Бәрі жақсы ұйымдастырылған, көп рахмет!»
Мерекені фестивалге арнайы сахналанған ерекше спектакль түйіндеді. «Темір Элемент» пьесасын ERG компаниясының қызметкері жазған. Спектакль Алматының кәсіпқой театралдары мен ERG компаниясының қызметкерлерінің бірлескен жұмысының нәтижесі. Металлургтер күні павлодарлықтар аталмыш туындының куәгерлері атанды.
- Фильмге сценарий немесе пьеса жазуды армандайтынмын, ERG арманымның орындалуына көмектесті, - дейді сценарий авторы ERG спичрайтер-сарапшы және PR-маманы болып істейтін Гүлмира Матхаликова. – Бізде өндірістегі роботизация туралы көп айтылады, қызметкерлердің көбі одан қорқады: көпшілік роботтар келіп, жұмыстар алып қояды деп ойлайды. Мен адам мен робот дос бола алатынын көрсеткім келді. Бүгін зор мереке өтті және автор ретінде маған көрермен спектакльді ықыласпен қарсы алғанына қуаныштымын.
Әуелгі идея 2022 жылы ERG жылсайынғы «Шеберлер елі» корпоративтік байқауын өткізген кезде басталған. Бұл байқау жыл сайын корпоративтік мәдениетті дамыту, шығармашылық бастамаларды қолдау және компания ішіндегі қызметкерлердің өзін-өзі дамыту мүмкіндігін көрсету мақсатында өткізіледі. 2022 жылы қатысушыларға әңгіме ойлап табу және өз пьесасының конспектісін жазу тапсырылған болатын. Байқауға қатысуға 30-дан астам өтінім түсті. 8-і жобаның финалына шықты. Олар үшін заманауи драматургиядан шеберлік сыныптары өткізіліп, кейін финалға өтті.
Бұл кезеңде құрамында театр продюсерлері, арт-менеджерлер мен қазақстандық драматургтер бар қазылар алқасы үздік екі конспектіні таңдады. Шығармашылық байқаудың жеңімпаздары – Гульмира Матхаликованың «Темір Элемент» атты пьесасы және Болат Қуанышовтың «Әкелер тарихы» қойылымы болды.
Ақыры, сценарийлер жазылып, репетициялар өткізіліп, реквизит пен декорациялар әзірленіп болғаннан соң олардың идеялары Павлодар мен Рудныйда көрсетілген спектакльдерде жүзеге асты. Аталмыш форматтағы арт-перфоманс – әлемде теңдесі жоқ ERG корпоративтік жобасы.
Спектакль режиссері Алматының тәжірибелі театралы Антон Зайцев болды. Оның айтуынша, пьеса павлодарлықтар жүректерінің кілттерін тапқандай.
- Бәрі ойдағыдай жүзеге асқаны үшін құдайға мың алғыс. Көрерменмен тіл табыса білдік. Пьеса ерекше форматта жазылды, оқиға желісі тура жолмен өрбімейді. Бірінші рет оқығанда неден бастарымды білмедім. Бірақ адам туралы, сүйіспеншіліктің, руханият пен өзін-өзі дамытудың маңыздылығына қатысты түйінді тапқаннан соң – бәрі ойдағыдай болды, - деп ағынан жарылды режиссер.
«METAL FEST» арт-фестивалінің ұйымдастырушысы әрі продюсері Ольга Сұлтанова айтып өткендей, Фестивальдің негізгі масқаты – қала тұрғындарына рухани-мәдени демалыс ұсыну, оларды театр мен заманауи өнердің жаңа форматтарымен таныстыру болды. Балалардың жарқын жүздері мен ата-аналарының оң пікірлеріне қарағанда, бұл мақсат орындалды!
Фото: автор және «Қазақстан алюминийі» АҚ баспасөз қызметі