Павлодарда құтқарушылар үйде қамалып қалған кішкентай қызды ата-анасына тапсырды

Павлодарда құтқарушылар үйде қамалып қалған кішкентай қызды ата-анасына тапсырды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Оқиға 7 қыркүйек күні Академик Сәтбаев көшесіндегі көпқабатты үйлердің бірінде болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қалалық «112» пультіне пәтерде кішкентай баланың есікті ашпай отырғаны туралы хабарлама түскен. Ақпарат алған құтқарушылар оқиға орнына жедел жеткен.

Төтенше жағдайлар қызметкерлері полиция және баланың ата-анасымен бірге әрекет етіп, үш буынды баспалдақтың көмегімен екінші қабатқа көтерілген. Арнайы құрал арқылы балконның есігін ашып, пәтерге кірген.

2021 жылы туған қыз бала аман-есен ата-анасына тапсырылды.

Мамандардың айтуынша, балаға бірнеше минутқа ғана назар аудармаудың өзі күтпеген жағдайға әкелуі мүмкін. Сондықтан ата-аналар үйдегі қауіпсіздік шараларын сақтап, балаларын үнемі бақылауда ұстауы қажет.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері облыс аумағында осындай 699 жағдай тіркелген.