Павлодарда екі баласын жоғарыдан лақтырып жіберген ана жауапкершіліктен босатылды
Іс Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Судья Жанна Нығыбаева айыпталушы ҚК-нің 99-бабы үшінші бөлігімен көзделген қоғамға қауіпті іс әрекет жасаған уақытта есі дұрыс емес күйде болғандықтан қылмыстық жауаптылықтан босатылғанын мәлім етті. Сондай-ақ, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларының интенсивті байқайтын мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу тағайындалды.
Әйел адамға қатысты қауіпсіздік шарасы қаулы заңды күшіне енгенге дейін сақталады.
Еске сала кетейік, қайғылы оқиға 30 шілдеде Нұрмағамбетов көшесінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйде орын алған. 1991 жылы туған әйел 4 және 5-қабат арасындағы баспалдақ алаңындағы терезеден екі баласын итеріп жіберіп, кейін өзі секірген. Үшеуі де ауыр жарақат алып, жансақтау бөліміне түсті. 2024 жылы туған бала 1 тамыз күні қайтыс болды. 2017 жылы туған бала 13 тамызда үйге жіберілді. Дәрігерлер оның жағдайын қанағаттанарлық деп бағалап, бір жыл бойы оңалтудан өтетінін хабарлады. 26 тамызда қанағаттанарлық жағдайда әйел де ауруханадан шығарылып, әрі қарай бақылау үшін мамандандырылған мекемеге ауыстырылды.