Павлодарда ірі сауда желісі тауарды белгіленген бағадан жоғары сатты
Бұл бұзушылық үлкен айыппұлға әкеп соқты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мәліметінше, тамыз айында павлодарлық ірі сауда желілерінің бірінен сұлы жармасын сатып алған. Тұтынушының айтуынша, тауардың баға көрсеткішінде 195 теңге көрсетілгенімен, кассада берілген түбіртекте сұлы жармасының бағасы 405 теңгені құрады. Баға айырмашылығы – 210 теңге.
– Заңға сәйкес сатушы (өндіруші) тауарды сауда объектісінің ішкі және сыртқы витриналарында көрсетілген құны бойынша сатуға міндетті, ал сатып алушы тауарды сол баға бойынша сатып алуға құқылы. «Сауда қызметін реттеу туралы» ҚР Заңының 31-бабы 1-тармағының 2-тармақшасына сәйкес ішкі сауда субъектілері өз қызметін жүзеге асыру кезінде тауарды жария оферта, шарттар немесе өзге де мәмілелер талаптарына сәйкес белгіленген параметрлер бойынша сатуға міндетті, – деп түсіндірді департаментте.
Келіп түскен өтініштің негізінде департамент ҚР аумағында сауда объектісінің ішкі және (немесе) сыртқы витриналарында қойылған, құны жапсырмамен рәсімделген бағадан асатын тауарды өткізу мәселесі бойынша ірі сауда желісіне жоспардан тыс тексеру жүргізді.
– Жоспардан тыс тексеру нәтижелері бойынша сауда желісіне «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР кодексінің 193-бабының 5-бөлігі бойынша қысқартылған іс жүргізуде 100 АЕК немесе 369200 теңге (айыппұл сомасының 50%) мөлшерінде айыппұл салу туралы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалды. Сонымен қатар, Департамент бұзушылықты жою туралы ұйғарым берді, – деді департаменттің баспасөз орталығында.
Павлодарлықтар осындай жағдайға тап болса, өз құқықтарын қалпына келтіру үшін Генерал Дүйсенов көшесі, 9 мекенжайы бойынша немесе өтініштерді қабылдаудың бірыңғай платформасы E-otinish.gov.kz, бірыңғай ақпараттық жүйе E-tutynushy.kz арқылы немесе сенім телефоны бойынша +7(7182)55-10-70 жүгіне алады.