Павлодарда құзырлы органдар балалардың өміріне алаңдаулы

Қайырымдылық акциялары аясында аз қамтылған және көпбалалы отбасыларда мыңнан астам қорғаныс торы мен бекіткіш орнатылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облыстық білім беру басқармасы балалар құқықтарын қорғау және инклюзивті білім беру бөлімінің басшысы Жібек Айтмұхаметова уәкілетті мемлекеттік органдардың қызметкерлерін тарта отырып, әртүрлі алаңдарда балаларды ересектердің қарауынсыз қалдырмау, балкондардың терезелері мен есіктерін толық ашуға шектеулер қою сияқты мәселелерге қатысты тұрақты түрде ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізетіндерін атап өтті.
– Instagram, Facebook, Whatsap желілерінде, білім беру ұйымдарының сайттарында балалар мен ата-аналарды барынша ақпараттандыру үшін жадынамалар орналастырылды, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша облыс тұрғындарына SMS-хабарламалар таратылды. Ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Әйтсе де, биыл бесінші қабаттан үш жасар бала құлаған, – дейді Жібек Айтмұхаметова.
Оқиға орын алған кезде баланың анасы ауруханада ем қабылдап жатқан, әкесі жұмыста болған, ал бала уақытша әжесінің қарауында болған.
Облыстық балалар ауруханасы директорының орынбасары Ирина Орсагош сәбидің періштесі қағып, аман қалғанын айтады. Қазіргі уақытта бала ауруханадан шығарылып, амбулаторлық ем қабылдауда.
Оқыс оқиғаға ересектердің (әжесінің) салғырттығы, сондай-ақ ата-ананың қауіпсіздік шараларына жеткілікті назар аудармауы себеп болған.
– Аталмыш факті бойынша заңды өкілге қатысты ҚР ӘҚБтК 127-бабы бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік материал толтырылып, Павлодар облысы бойынша кәмелетке толмағандар істері жөніндегі ауданаралық сотқа жіберілді, – деді облыстық полиция департаменті жергілікті полиция басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Арай Түлемісова.
Айта кетерлігі, 2024 жылы балалардың терезеден құлауына қатысты 13 жағдай тіркелген, олардың екеуі өліммен аяқталды. Ал, 2023 жылы тоғыз биіктіктен құлау жағдайы тіркелген.
Бұл ретте, білім беру басқармасы терезелерге қорғау торларын, бекіткіштерді және құлыптарды орнататын кәсіпкерлермен кездесулер ұйымдастырған. Қайырымдылық акциялары аясында аз қамтылған және көпбалалы отбасыларда мыңнан астам қорғаныс торы мен бекіткіш орнатылды.