Павлодарда балалар үйінің күрделі жөндеуі сапасыз орындалуда
Мердігерлер жұмыстың жартысын бітірді. Алайда депутаттар жұмысты қабылдауға әлі ерте екенін жеткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«AMANAT» партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Олег Костенко, партияның қалалық филиалы ПБК төрағасы Қазбек Аметов, отбасы және халықтың әлеуметтік әл-ауқаты мәселелері жөніндегі өңірлік кеңестің төрағасы Марина Стрелковская облыстық мамандандырылған балалар үйіндегі жүріп жатқан күрделі жөндеуін тексерді.
«ГрадСтройСервис» ЖШС мердігерлік ұйымы жұмыстың едәуір бөлігін орындағанына қарамастан, партиялықтар, мемлекеттік сараптама мамандары мен тапсырыс берушілерде бірқатар ескертулер мен сұрақтар туындады.
– Қазірдің өзінде балаларға арналған тамақ өнімдерін сақтауға арналған үй-жайда сыз пайда болып, қабырғада жарықтар көрінеді. Бұдан басқа көше жарығын орнату, кәріз жүйесі, асфальттауға байланысты кемшіліктер бар, – деп атап өтті комиссия мүшелері.
Депутаттар сапасыз орындалған жұмыстарды қабылдауға болмайды деген тұжырымға келді.
Айта кету керек, нысандағы жұмыстар 2022 жылдан бастап жүргізілуде – өткен жылы жұмысшылар нысанда төрт ай жүрді. Жоспар бойынша жұмыстар 31 желтоқсанға дейін аяқталу керек. Мердігерлер уәде еткен уақытта нысанды тапсырып үлгермей жатыр.