Екібастұздық тұрғын қос азаматтығы үшін жазаланды
Ол бірнеше жыл бойы қазақстандық құжаттарды пайдаланып келген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазақстан Республикасында қос азаматтыққа жол берілмейді. Яғни шетелдік азамат бір мезгілде біздің еліміздің және басқа мемлекеттің азаматы бола алмайды. Жыл басынан бастап өңірде 463 адамға қатысты Қазақстан Республикасының азаматтығынан айрылу фактілері тіркелді.
Мәселен, полиция Екібастұз қаласының тұрғынын анықтады, ол 2006 жылы біздің мемлекеттің азаматы бола тұра, көрші мемлекеттің азаматтығын алды және бұл фактіні жасырып, қазақстандық құжаттарын пайдалануды жалғастырған.
– Аталмыш бұзушылық үшін азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды және оған 369 200 теңге сомасында айыппұл салынды, – деді департаментте.
Басқа мемлекеттің азаматы бола тұра қазақстандық құжаттарды пайдаланған үш азамат анықталды. Тағы 11 бұзушы белгіленген мерзімде басқа мемлекеттің азаматтығын алғаны туралы хабарламағаны үшін жауапқа тартылды.