Павлодарлық сарбаздар Абайдың әдебиетіне деген ықыласын білдірді

Павлодарлық сарбаздар Абайдың әдебиетіне деген ықыласын білдірді
Фото: pixabay.com

Ерекше кешке 21-25 жас аралығындағы поэзия сүйер қауым қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

«Ertis Promenade» сахнасында Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Асыл сөздің иесі – Абай» атты поэзия кеші өтті. Әдебиет пен руханиятқа жақын жастардың басын қосқан бұл шарада өлең оқылып қана қоймай, Абайдың мұрасы жайлы терең ойлар айтылды. Кештің басты кейіпкерлерінің бірі – Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жас сарбаздар болды.

–  Біздің басты мақсатымыз – поэзияны кәсіби деңгейде ғана емес, шынайы сүйетін жастарды ортақ алаңға жинап, олардың әдебиетке деген ықыласын ояту, – деді Жастар бастамаларын дамыту орталығының креативті жастармен жұмыс жасау бөлімінің маманы Аида Балтабаева. 

Шараға 10-ға жуық жас ақын қатысып, Абайдың «Ескендір», «Жастықтың оты қайдасың?», «Есіңде бар ма жас күнің?» сынды танымал өлеңдерін оқыды. Сондай-ақ, жас көрермендердің арасынан да бірқатары сахнаға шығып өз өнерін ортаға паш етті. Солардың ішінде Алматы қаласынан келген сарбаз Мұқатай Мұрал қазіргі уақытта 5512 әскери бөлімінде борышын өтеп жүр. Ол поэзия кешінде Абайдың «Сабырсыз, арсыз, еріншек» атты өлеңін оқыды.

–  Бұл өлең – қазақ халқының бойындағы жаман қасиеттерден арылу, өз-өзін тану, жақсылыққа ұмтылу туралы терең мағына береді. Абай атамыздың әр сөзі адамды тәрбиелейді, – дейді Мұқатай Мұрал.

Сарбаз поэзияға бала кезінен жақын екенін айтты. Абай Құнанбайұлының тек бұл өлеңімен шектеліп қалмай, табиғат, адамгершілік, қара сөздері жастарға үлгі алуға болатынын ерекше атап өтті.

Бұл жолғы кеш ресми байқау форматында болмаса да, ұйымдастырушылар алдағы уақытта «Абай күніне» арналған дәстүрлі шаралар өткізуді жоспарлап отырғанын жеткізді.

–   8 тамыз күні біз «Абай додасы» атты сұрақ-жауап сайысын өткіземіз. Ең бастысы – жастардың Абай әлеміне енуі, оның ой-танымын бойға сіңіруі, – дейді Аида Балтабаева.

Поэзия кеші – бұл жай ғана өлең оқу емес. Бұл – Абай арқылы өзіңді тану, сөздің салмағын сезіну, ұлт рухын ұлықтау.