Павлодарда қазақы кілем бейнесіндегі алып мозаика пайда болды

Павлодарда қазақы кілем бейнесіндегі алып мозаика пайда болды

Қабырғадағы композициядан күн сәулесі төгілген сары далада жүрген арқарлар, бұғылар мен жылқылардың бейнесі анық көрінеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ertis Creative жобасының қатысушысы Татьяна Калкамбаеваның айтуынша, жаңа жағалаудың төменгі бөлігіндегі мозаиканы толықтай қазан айына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

– Қала күніне орай қабырғадағы негізгі композицияны аяқтадық. Қазір жердегі панноны жасау жұмыстарын жалғастырып жатырмыз. Командамыз күні бойы еңбек етуде. Жұмысты мүмкіндігінше тезірек аяқтағымыз келеді, – деді ол.

Еденге төселетін панно қазақтың дәстүрлі кілемі үлгісінде орындалады. Оның ою-өрнегі мен түс үйлесімі қабырғадағы мозаикамен жарасым тауып, ұлттық нақышты айшықтай түседі.

Татьяна Калкамбаеваның сөзінше, команда алдағы уақытта қалада осындай басқа да арт-нысандарды жасауды армандайды.

– Біздің жұмыстарымызды мүмкіндігінше көп адам көріп, тамашалап, осы жерде уақыт өткізіп, қуанышқа бөленсе екен дейміз, – деді жоба қатысушысы.

Мозаиканы төсеу және арнайы қоспамен өңдеу жұмыстары толық аяқталғаннан кейін оның үстімен еркін жүруге болады. Әзірге панноның беті нәзік болғандықтан, оны басуға болмайды. Болашақта мозаиканың жанына орындықтар орнатылып, қала тұрғындары мен қонақтарының жаңа көрікті жерде демалып, суретке түсуіне жағдай жасалады.