Асайын Байханов: Үш жылу электр орталығын жаңғырту ісіне барынша кірістік
Облыс әкімі Асайын Байханов қала тұрғындарымен кездесу барысында шаһарда атқарылған жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ол жылдық есебін қала тұрғындарын алаңдататын ең өзекті мәселелерден бастады. Оларды шешу үшін әкімдік кешенді жұмыстар атқаруда.
– Соңғы үш жылда облыс орталығы мен оған қарасты жеті ауылдың дамуына 570 миллиард теңгеден астам қаражат құйылды. Дегенмен, шаһарымызда әлі де жүйелі мәселелер жеткілікті. Соңғы он жылда алғаш рет жылу желілерінің тозу деңгейін тоқтатып қана қоймай, оны 82 пайызға дейін едәуір төмендетуге қол жеткіздік. Дегенмен, қала әлі де жаңа шағын аудандарды, әсіресе жеке сектордағы үйлерді жылумен қамту бойынша «қызыл аймақта» қалып отыр, – деді аймақ басшысы.
Мәселені шешу үшін тозуды азайтып, жылумен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында соңғы үш жылда 3 ірі жылу магистралі салынды және 60 шақырымнан астам жылу желілері жөнделді.
– Нәтижесінде қаланың бірнеше шағын ауданы тұрақты жылумен қамтылып, 1030 көпқабатты тұрғын үй мен 60 әлеуметтік және коммерциялық нысанда жылу режимі жақсарды. Көптеген павлодарлықтар бұдан 4 жыл бұрын мамырдан қазанға дейін, яғни 6-7 ай бойы үйлерде ыстық су болмағанын жақсы біледі. Жылу желілерін жаңартуға бағытталған ауқымды инвестициялардың арқасында ыстық судың болмау мерзімі 6 аптаға дейін қысқарды, – деді ол.
Үш жылу электр орталығын жаңғырту ісіне барынша қолға алынды.
– Осы кәсіпорындардың басшыларына инвестициялық бағдарламалар аясында және акционерлермен жасалған келісімдер негізінде қолданыстағы қуаттарды арттыру міндетін қоямын! Жеке сектордың жаңа аумақтарын жылуға қосу үшін жылу энергиясын өндіру көлемін едәуір ұлғайту қажет. Бұл ретте, қаланың оңтүстік бөлігінде жаңғыртудың алғашқы кезеңін 2027 жылға дейін аяқтауды тапсырамын, – деп атап өтті Асайын Байханов.
Павлодар облысы – елдегі табиғи газы жоқ өңірлердің бірі.
– Газдандыру - жылыту шығындарын азайтуға, көмірге тәуелділікті төмендетуге және өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді. Біз мұны жақсы түсінеміз, – деді облыс әкімі.
Осыған байланысты аймақ басшысы облыстың энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына өңірді газдандыру жөнінде бекітілген жол картасы аясында Энергетика министрлігімен бірлесіп, бұл бағыттағы жұмысты белсенді түрде жалғастыруды тапсырды.