Памп-трек пен эко-кеме: Ақсуда қалалық саябақтың жаңа келбеті қандай болмақ?

Памп-трек пен эко-кеме: Ақсуда қалалық саябақтың жаңа келбеті қандай болмақ?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Халық көп жиналатын орынды жасыл желекке бөлеу арқылы шаһар тынысы ашыла түседі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Ақсу қалалық саябағында жер учаскесінің жалпы ауданы 30 470 шаршы метрді, көгалдандыру алаңы 17 000 шаршы метрді құрайды. Саябақта төрт кіру жолы болады. Екі жылдық жоба Павлодар облысының әкімдігі мен «ERG» компаниясы арасындағы меморандум аясында жүзеге асуда. Құрылтайшылардан қаржыландыру сомасы бір миллиард 226 миллион теңгеден асады. Бүгінде саябақты қайта құру жұмыстары 40 пайызға аяқталды.

Асайын Байханов Ақсу қаласының әкімдігі мен сәулет бөліміне 2023 жылы берген тапсырмасында скейтборшылар үшін памп-трек орнын дұрыс орнату болатын. Бүгінде барлық кемшіліктер түзеліп, металл материалы бетонға ауыстырылды. Жаңа шешімнің арқасында арнайы материал бетонды жоюға, бүлдіруге жол бермейді.

– Аялдама жағынан қарап тұрсақ, орталық кіреберістен жүрген кезде тұрғындар мен қонақтар үшін тартымды орын болып саналады. Бұл жерде құрғақ субұрқақ, демалыс аймағы, көшпелі фуд-корт, үлкен балалар алаңы орналасады. Екі футбол және баскетбол мен волейбол алаңдарын салу көзделген, –  деді Ақсу қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Кирилл Ефремов.

Айта кету керек, балалар ойын алаңы эко стильде орындалады. Элементтердің дизайны теңіз тақырыбында болмақ. Мысалы, сырғанағы, арқандары бар кеме, кит, дельфин және тағы да басқа ойын жабдықтары салынады.

Павлодардағыдай модульдік дәретхана мүгедектігі бар адамдар үшін арнайы қарастырылады. Көгалдандыру мәселесі де тыс қалмады.

– Саябақта 337 жасыл желек, оның ішінде бұталы қоршау бүкіл периметр – 715 сызықтық метр бойынша болады. Бұдан бөлек, 21 қайың ағашы, 114 мамыргүл, 67 шетен және долана, алма ағашы, мойыл, көпжылдық гүлдер және көгалдар отырғызылады. Оларды суару жұмыстары автоматтандырылған, – деді сәулетші.

Облыс әкімі Ақсуға барған жаңа іссапары барысында балалар жүретін аймақтан фуд-кортты көшіру және қоқыс тастайтын бакты көп орналастыру, сондай-ақ, ит серуендетуге арналған алаңды қосу керектігі жайында айтты.