Павлодарда жүргізуші көлігінің мемлекеттік нөмірін картоннан жасап алған

Павлодарда жүргізуші көлігінің мемлекеттік нөмірін картоннан жасап алған
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жалған нөмір таққан «Lada Priora» арнайы айып тұрағына қойылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласында патрульдік полиция қызметкерлері мемлекеттік тіркеу нөмірі күмән тудырған автокөлікті тоқтатты. Тексеру барысында бұл мемлекеттік нөмірмен ресми түрде ешқандай көлік тіркелмегені белгілі болды.

Полицияның мәліметінше, жүргізуші мемлекеттік тіркеу нөмірін қарапайым картоннан өз қолымен жасап алған.

– Жалған мемлекеттік нөмірмен көлік басқарғаны үшін құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, автокөлігі арнайы айып тұрағына қойылды. Патрульдік полиция жалған және қолдан жасалған мемлекеттік нөмірлерді анықтау бойынша күн сайын рейдтік іс-шаралар жүргізеді, – деді Павлодар қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальоны қызметінің инспекторы Захар Стрельников.

Жыл басынан бері Павлодар облысында мемлекеттік тіркеу нөмірлеріне қатысты заңсыз әрекеттер жасаған 50 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Тәртіп сақшылары жалған мемлекеттік нөмірлерді пайдалану заң талаптарын өрескел бұзу екенін еске салды. Мұндай әрекеттер жол қозғалысы ережелерін автоматты түрде тіркейтін жүйелердің жұмысына кедергі келтіріп, жол-көлік оқиғасы кезінде көлік құралын анықтауды қиындатады.

Полиция автокөлік иелерін заң талаптарын сақтауға шақырып, мемлекеттік нөмірді жасырудың немесе қолдан жасаудың кез келген тәсілі – картоннан жасау, лай жағу немесе арнайы перде қолдану – бейнебақылау камералары мен патрульдік полицейлердің назарынан тыс қалмайтынын ескертті.