Павлодарда әлеуметтік меморандумдардың орындалуы қаралды

Павлодарда әлеуметтік меморандумдардың орындалуы қаралды
Фото: Валерий Бугаев

Жиында білім, денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық және инфрақұрылым саласындағы жобаларға тоқталып өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс әкімдігінде өңірдің басты әріптестері – Eurasian Resources Group және KAZ Minerals Bozshakol компанияларымен жасалған әлеуметтік меморандумдарды іске асыру барысы талқыланды.

Жиналыста Асайын Байханов аталған келісімдер тәжірибелік сипатта екенін және әлеуметтік сала мен инфрақұрылымдағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталғанын атап өтті.

Өңір басшысы баспасөз қызметінің мәліметінше, осы жылдың қаңтар айында ERG-мен 3,8 миллиард теңгеден астам сомаға қол қойылған меморандум 18 жобаны қамтиды. Бүгінде оның 35%-ы орындалды және бұл шамамен 1 миллиард теңгені құрайды. Ақсу қаласында Ы. Алтынсарин атындағы мектепті күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуда. Екібастұздағы «Ерекше үй» балаларды түзету орталығына қолдау көрсетілді, «ERG колледждер үшін» жобалары іске асырылуда, халықаралық тағылымдамаларды қаржыландыру, өндірістік кешенді бақылау жүйелері үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленді.

Ведомство атап өткендей, денсаулық сақтау саласында медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға баса назар аударылды: күзде паллиативтік көмек көрсететін мамандарды оқыту, сондай-ақ құны 150 миллион теңге тұратын «ERG-дәрігерге» бағдарламасын іске қосу жоспарлануда. Бұл біздің дәрігерлерге шетелдік әріптестерінің тәжірибесін қолдануға мүмкіндік береді.

– Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және құрылыс саласында да жобалар аз емес. Ақсуда екі жылдық жобалар – саябақ пен бассейн құрылысы жүзеге асырылуда. Бүгінде бұл жобалар 30%-ға қаржыландырылған. Сондай-ақ, Ақсу қаласында «Туған қала» жобалары, дене шынықтыру-сауықтыру кешенін жөндеу жұмыстары қаржыландырылды. Павлодарда тұрғын үйлерді жарықтандыру жоспарлануда, ал Баянауылда Жасыбай көлінің орталық жағажайындағы скверді абаттандыру, жылу желілерін жаңғырту мен абаттандыру бойынша және Майқайың кентінде жылумен жабдықтау желілерін жаңғырту бойынша жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленуде. Жаңа бастамалардың қатарында – жасыл желектерді отырғызу да бар. Оған 200 миллион теңге бөлінді, – деді облыс әкімінің баспасөз қызметі.

KAZ Minerals Bozshakol жобаларына (4,1 млрд теңге) ерекше назар аударылды: Атығай ауылында мектеп салу, Екібастұзда инклюзивті балабақша мен Павлодарда облыстық оңалту орталығына жапсарлай салынған ғимаратты қайта жаңарту.

Жиналыс барысында өңір басшысы басқарма басшылары мен қала әкімдеріне негізгі жобаларды жеке бақылауда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ министрліктермен белсенді қарым-қатынас жасауды және барлық бюрократиялық кедергілерді жоюды тапсырды. Басты мақсат – міндеттемелердің уақтылы іске асырылуын қамтамасыз ету.

Бұл ретте Асайын Байханов Eurasian Resources Group және KAZ Minerals Bozshakol кәсіпорындарына алғысын білдіріп, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінсіз мұндай нәтижелердің болмайтынын атап өтті.

Облыс әкімі бұл жобаларды ірі кәсіпорындардың әлеуметтік жауапкершілігінің маңызды көрінісі ретінде бағалады.