Павлодар облысында 40 шақты студент Президент шәкіртақысын алады
2025 жылы ЖОО студенттерінің стипендиясын арттыру қарастырылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бакалавриат студенттері үшін стипендия 52 372 теңгеге дейін өссе, педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша оқитын студенттердің стипендиясы 84 000 теңгені құрайды.
Облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова студент жастарды мемлекеттік қолдау шаралары туралы баяндады.
– Қазақстанда Президент стипендиясы бар екенін атап өткен жөн. Облысымызда оқу, ғылым, спорт және шығармашылықта үздік нәтижелерге қол жеткізген және осындай стипендия алып жүрген жандар саны – 36 студент, – деп жазды Айгүл Мәлікова Іnstagram парақшасында.
Облыс деңгейінде шешетін негізгі мәселелердің бірі – студенттерді тұрғын үймен қамтамасыз ету. Соңғы екі жыл ішінде педагогикалық және медициналық колледж студенттеріне екі заманауи жатақхана салынды. Торайғыров университетінің студенттеріне арналған 600 орындық жаңа жатақхана бой көтерді.
Жетім балалар мен мүмкіндігі шектеулі студенттерге арналған әлеуметтік төлемдер мен өтемақы мәселесі ерекше назарда.
– 2025 жылы жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, сондай-ақ 1-ші және 2-топтағы мүгедек жастарға жатақханада тұрғаны үшін өтемақы төлеу жұмыстары жалғасын табады. Бұл шара көмекке мұқтаж адамдарға қолдау болып, олар бар назары мен күш-жігерін тек білім алуға ғана жұмсайтын болады, – деді Айгүл Мәлікова.
Өңіріміздің білім беру жүйесінде маңызы зор төрт ірі жоғары оқу орны жұмыс істейді. Атап айтқанда: Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті, Торайғыров университеті, инновациялық Еуразия университеті (ИнЕУ), академик Қаныш Сәтбаев атындағы Екібастұз инженерлік-техникалық институты. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде 42 колледж жұмыс істейді.
– Бұл оқу орындары студенттерді оқытып қана қоймай, өңіріміздегі ғылым, технология және әлеуметтік саласын дамытуға барынша үлес қосып келеді. Біз қашан да аталған оқу орындарымыздың жоғары жетістіктерімен мақтанамыз, алайда олардың табысты қызметі мемлекет тарапынан көрсетілетін тиісті қолдауынсыз мүмкін емес екенін де жақсы түсінеміз, – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары.
Болашақ студенттер мен олардың ата-аналарына балаларының жас кезінен бастап жоғары оқу орындары мен колледждерде білім алуына дайындықты бастауға мүмкіндік беретін «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесінің енгізілуі – бұл бағыттағы ең басты қадамдардың бірі.
– Біз студенттердің жағдайын жақсартуға бағытталған барлық бастамаларды қолдайтынымыз сөзсіз және әрбір студент өз әлеуетін іске асырып, өңіріміздің және жалпы еліміздің дамуына үлес қоса алатын өскелең ұрпақтың әлеуметтік қорғау мен білім алу мүмкіндіктерін арттыруда нық қадам болып табылатын бағдарламаны іске асыруды жалғастыруға дайынбыз, – деді ол.
Еске сала кетейік, биылғы оқу жылында бюджет қаражаты есебінен колледждерде тегін оқуға мемлекеттік білім беру тапсырысы 6200 орынды құрады. Бұл – рекордтық көлем, үш жыл бұрынғы көрсеткіштен 37% -ға артық. 2021 жылы 3905 орын болған.