Павлодар облысында жастарды жұмыспен қамтуға қолдау көрсетілуде
Успен ауданында жыл басынан бері 300-ден астам адам жұмысқа орналасты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Успен ауданының «Мансап» орталығына жыл басынан бері 847 адам жүгінген. Олардың жартысына жуығы тұрақты табыс көзіне ие болған. Нақтырақ 344 тұрғынға жұмыспен қамту мәселесінде көмек көрсетілген. Осылайша, жұмыспен қамту орталығы биылғы жоспарды 110 пайызға артығымен орындаған.
«Мансап» орталығы тұрғындарға еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруге, жұмыс табуға және жеке кәсіп ашуға көмектеседі. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу секторының жетекшісі Динара Испулованың айтуынша, жұмыссыздықтың себептері әртүрлі. Біреулердің тиісті мамандығы бойынша дипломы жоқ, енді біреулер жалақыға көңілі толмайды. Ал кейбір азаматтар несие қарыздарына байланысты ресми жұмысқа орналасудан бас тартады.
– Жас ұрпаққа ерекше көңіл бөлінеді. Биыл жұмысқа орналастыру жоспарланған 37 жастың 35-і еңбекпен қамтылды. Бұдан бөлек, мемлекет өз бетінше еңбек етуге дайын азаматтарға қаржылай қолдау көрсетеді, – деді Динара Испулова.
Мұндай жағдайда кәсіби қайта даярлау маңызды рөл атқарады. Орталық тұрғындарға аспаз, сатушы, тракторшы-машинист, электргазбен дәнекерлеуші және наубайшы мамандықтарын меңгеруді ұсынады.
Биыл 13 адам кәсіби курстарға жіберілсе, тағы үш адам кәсіпорындарда тәжірибеден өткен. Олардың барлығы жаңа мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан.
Сонымен қатар, мемлекет жеке ісін ашуға ниетті азаматтарға қаржылай қолдау көрсетуде де кенде қалып отырған жоқ. Халықтың әлеуметтік осал топтарына 400 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін, шамамен 1,7 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз гранттар беріледі.
Мәселен, ауыл тұрғыны Лариса Гартман «Мансап» орталығының көмегіне биыл сәуірде жүгінген. Ал мамыр айында жұмыс берушінің өтінімі бойынша наубайшыларға арналған үш айлық кәсіби курсқа жіберілген.
Оқудан кейін Лариса Гартман «Хлебко А.С.» жеке кәсіпкерлігіне жұмысқа орналасқан. Қазір ол жаңа мамандығы бойынша еңбек етіп жүр.
«Мансап» орталығының жұмысы тұрғындарға кәсіби дағдыларын жетілдіруге, тұрақты жұмыс табуға және жеке кәсібін бастауға мүмкіндік беріп отыр.